
Қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуровқа 2029 жылдың 25 наурызына дейін Ресейде жаңа кәсіп тіркеуге тыйым салынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
РИА Новости ақпаратына сүйенсек, шектеуге оған тиесілі «Сабр Продакшн» компаниясының заңды мекенжайы туралы қате (бұрмаланған) ақпарат себеп болған. Ресей заңнамасына сәйкес, реестрде мекенжайы немесе басқа да деректері қате белгіленген фирмалардың бұрынғы басшылары мен үлескерлеріне белгілі бір мерзімге дейін жаңа бизнес ашуға тыйым салынып, салық органдары бас тарта алады.
Нұрлан Сабуров кино, бейнеөнімдер мен телебағдарламалар түсірумен айналысатын «Сабр Продакшн» фирмасын 2025 жылдың сәуірінде тіркеген. Мекеменің 2025 жылғы таза пайдасы 14,3 млн рубльді (шамамен 78,1 млн теңге) құрады. 2026 жылдың қазанында салық қызметі заңды мекенжайдың сәйкес келмеуіне байланысты компанияны Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік реестрінен (ЕГРЮЛ) шығару процедурасын бастаған.
Ресей билігі әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресей аумағына 50 жылға дейін кіруіне тыйым салды. Содан кейін әзілкештің Ресей әскеріне материалдық көмек көрсеткені туралы ақпарат тарады. Ресейлік басылымдардың дерегінше, ол «Барлығы жеңіс үшін» қорына қаржылай көмек берген. Кейін әлеуметтік желілерде әртістің «Вагнердің Истра легионы» атты бөлімшеге он мотоцикл сыйлаған видеосы тарады.
Украина билігі комиктің үстінен «агрессор мемлекетке жәрдемдесу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғаған. Қазақстанның құзырлы мекемелері де Сабуровты тексеріп жатқанын мәлімдеген.