АҚШ Қазақстандағы вольфрам жобасына қаржы бөлмеуі де мүмкін

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Вольфрам жобасына қаржы бөлінбеуі мүмкін / Фото: shutterstock

АҚШ Қазақстандағы вольфрам кен орнын қаржыландыруға 1,6 млрд доллар бөлуге әлі дайын емес. Сарапшы Арман Батаев Bloomberg басылыма сілтеме жасай отырып, EXIM мен DFC қаржы ұйымы Дональд Трамптың балаларымен байланысы бар «Cove Kaz Capital» жобасын мақұлдауға асықпай отырғанын жазады.

Агенттік дереккөзі мұның себебін жобаның болашағына деген күмән және Қазақстанның Қытай мен Ресейге көрші орналасуына байланысты геосаяси тәуекелдермен түсіндіреді.

Жоба Трамп әкімшілігі тарапынан АҚШ-тың қытай вольфрамына деген тәуелділігін азайту стратегиясының бір бөлігі ретінде қолдау тапқан болатын. Бұл металл зымырандар мен артиллериялық снарядтарды өндіруде кеңінен қолданылады.

EXIM Bank бұл жобаға 900 млн және «АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі» 700 млн доллар бөлуге тиіс еді.

Қос ұйым да өткен жылы қызығушылық білдіру хаттарын табыстаған. Мұндай құжаттар несие берушінің бастапқы қызығушылығын растағанымен, қаражат бөлу бойынша ресми міндеттеме жүктемейді.

DFC өкілі қазіргі уақытта корпорацияның бұл келісімді белсенді түрде қарастырып жатпағанын, ал компания қараудың төрт кезеңінің тек біріншісінде тұрғанын хабарлады. EXIM хатының қолданылу мерзімі тамызда аяқталды, «Cove Kaz» оны ұзартуды сұрады. Банктің өзі пікір білдіруден бас тартқан.

Ал компанияның ұстанымы бұған мүлдем қарама-қайшы. Директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаустың айтуынша, америкалық шенеуніктер жобаға қолдау білдіруді әлі де жалғастырып келеді. Қаржыландыруға ресми өтінімді 2027 жылы түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме аяқталғаннан кейін тапсыру жоспарланған. Компания өкілдері оған дейін қарыз қаражаты қажет емес екенін алға тартуда.

Сонымен бірге, биржаға шығу дайындығы тоқтаған жоқ. 2 қарашада «Cove Kaz» АҚШ-та «Kaz Resources» атауымен листингке шығу жоспарын жариялады.

Компанияның есептеуінше, келісім 1,97 млрд долларға бағаланбақ, яғни алдыңғы бағадан 76%-ға жоғары. Компания АҚШ-қа ұзақ мерзімді жеткізілімдерді 2031 жылдан бастап жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жоба туралы не бегілі

«Самұрық-Қазына қоры «Солтүстік Қатпар» вольфрам кәсіпорнындағы 70 пайыздық үлесін Трамптың ұлдарына 114 млн долларға сатқан. Бұған дейін АҚШ сенаторы Трамп әулетімен байланысы бар Қазақстандағы жобаны тексеруді талап еткен.

Cove Kaz компаниясы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясымен бірлесе «Солтүстік Катпар» ЖШС-нің 70 пайыз үлесіне иелік етеді, ал 30 пайызы мемлекетте қалды.

Мұндағы вольфрам қоры әлемдегі ең ірі өңделмеген ресурстардың бірі саналады. Кен орны 50 жыл пайдалануы мүмкін. Толыққанды өндірісті 2030 жылы бастау жоспарланған. Жоба әлемдік вольфрам өндірісінің 15 пайызын қамтамасыз ете алады.

Вольфрам қорғаныс өнеркәсібі, авиация, электроника және жартылай өткізгіштер өндірісінде кеңінен қолданылады. Қазіргі уақытта осы металды өндіруде Қытай көш бастап тұр.

Сондай-ақ оқыңыз