Көлік алуға өтініш бергендердің тек 17%-ына несие берілген

Жарияланды
автокөлік қарыз берешек айыппұл тұрағы
Автонесиеге сұраныс жоғары болса да, несие беру аз\ shutterstock

Қазақстанда автонесиеге сұраныс жоғары болғанымен, банктер өтінімдердің аз бөлігін ғана мақұлдайды. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің халыққа берген автонесиелерінің жалпы көлемі 4,4 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 8,5%-ға өскен, деп хабарлайды Kursiv.Media.

10 айда бөлшек несиелеудің жалпы көлемі 7,6%-ға артқан. Ал автонесиенің халыққа берілген барлық несиедегі үлесі 16,4%-ды құрады.

Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктер арасында жүргізген сауалнамасына сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында автонесие алуға шамамен 2,7 млн өтінім түскен. Екінші тоқсандағы өтінімдер саны бірінші тоқсанмен салыстырғанда 20%-ға көп болған. Бір өтінімнің орташа сомасы 7 млн теңгеден сәл асқан.

Алайда өтінімдердің басым бөлігі мақұлданбаған. 2,7 млн өтінімнің тек 450 мыңы ғана мақұлданып, несие алу деңгейі 16,9%-ды құраған. Яғни автонесие алуға өтініш білдіргендердің бестен біріне де жетпейтін бөлігі оң жауап алған.

Finprom.kz мәліметінше, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша мақұлдау көрсеткіші 32,5%, ипотекада 28,1%, ал кепілмен берілетін тұтынушылық несиелерде 23,5% болған.

Осыған байланысты Ұлттық банк автонесие берудегі борыш жүктемесінің коэффициентіне (БЖК) қатысты талаптардан босататын ерекшеліктердің мерзімін ұзартты. 2026 жылғы 6 қарашадағы шешімге сәйкес, бұл тәртіп 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

Ерекшеліктер мынадай автонесиелерге қатысты:

  • Қазақстанда алғаш рет тіркелетін, бұрын пайдаланылмаған жаңа автокөлікті сатып алуға берілетін несие;
  • Бастапқы жарнасы көлік құнының кемінде 50%-ын құрайтын жүрілген автокөлік несиесі;
  • Жасы үш жылдан аспайтын жүрілген автокөлікті сатып алуға берілетін, бастапқы жарнасы кемінде 30% болатын несие.

Автонесиеге сұраныс артқанымен, банктердің өтінімдерді мақұлдау деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Ал БЖК талаптарына қатысты жеңілдіктердің 2027 жылдың соңына дейін ұзартылуы автонесие нарығындағы қолданыстағы тәртіптің сақталуына мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда автонесие ипотекамен теңесті. Неге халық көлік алуға құмар

Сондай-ақ оқыңыз