«ҚазАгроҚаржы» лизинг бағдарламасына өтінім қабылдауды қайта бастады

«ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген шартпен лизингке беру бойынша үш бағдарламаға өтінім қабылдауды қайта бастады деп хабарлайды Ауыл шаруашылық министрлігі.
Олар – «Өз жем-шөбіміз», «Жеңілдікті лизинг 6%» және «Қазақстанда жасалған» бағдарламалары.
«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуге және оның өнімділігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында фермерлер қазақстандық және шетелдік өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын, жем-шөп дайындау машиналарын және жылжымалы суару жүйелерін сатып ала алады.
Лизингтің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%, мерзімі – 10 жылға дейін. Алғашқы жарна техника құнының кемінде 15%-ын құрауы керек. Бағдарлама жайылымы немесе шабындығы бар, мал өсірумен, күтіп-бағумен не бордақылаумен айналысатын және жем-шөп өндіретінін құжатпен растай алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған.
Қаржыландыру алған шаруашылықтар екі жыл ішінде еңбекақы қорын және салық түсімдерін 10%-ға арттыруға міндетті.
«Жеңілдікті лизинг 6%» бағдарламасы отандық өндірістегі немесе Қазақстанда құрастырылған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді. Оның негізгі ерекшелігі – алғашқы жарна талап етілмейді. Лизинг мерзімі 10 жылға дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша фермерлер отандық өндірістегі немесе елімізде құрастырылған ілмелі, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы және балық өнімдерін, биологиялық активтерді тасымалдауға арналған көлік құралдары да қаржыландырылады.
Бұл бағдарламада жылдық мөлшерлеме 6%, лизинг мерзімі 10 жылға дейін белгіленген. Алғашқы жарна техника құнының кемінде 15%-ын құрайды.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беруге 200 млрд теңге тарту ұсынылды