Электр энергиясы тарифі өсе ме – Энергетика министрі жауап берді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Энергетика министрлігі тарифтердің қымбаттауына қатысты жауап берді
Энергетика министрлігі тарифтердің қымбаттауына қатысты жауап берді / фото: Kursiv.Media

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметте өткен брифингте электр энергиясы тарифтерін әрі қарай өсіру жоспарда жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Журналистер министрден тарифтерді өсіру электр энергиясын тұтыну көлемінің артуын тежеуге ықпал ете ме және олардың кезең-кезеңмен өсуі қашан аяқталатынын сұрады.

Ақкенженов тарифтер мен тұтыну өсімінің арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, тарифтерді белгілеу кезінде, ең алдымен, жабдықтарды жөндеуге кететін шығындар мен қызметкерлердің жалақысы ескеріледі.

Сонымен қатар министр тарифтерді өсіру қадамына барғысы келмейтінін айтты.

«Біз Энергетика министрлігі ретінде тарифтерді өсіруді жоспарлап отырған жоқпыз. Мұндай қадамға барғымыз келмейді», – деді .

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, электр станцияларын жөндеуді қаржыландыру көлемі былтырғы 348 млрд теңгеден биыл 384 млрд теңгеге дейін өскен. Жөндеу жоспарланған тоғыз энергоблоктың сегізінде жұмыстар аяқталды. Ал 55 қазандықтың 49-ы жөндеуден өтті.

Сондай-ақ Үкімет отырысында министр электр станцияларындағы технологикалық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға азайғанын хабарлады.

Бұған дейін Ерлан Ақкенженов елдегі климаттың өзгеруіне байланысты жылыту маусымының мерзімдері қайта қаралуы мүмкін екенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз