ТЖМ «112» хабарламаларының халыққа кешігіп келу себебін түсіндірді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
«112» хабарламалары неге кешігіп келеді? ТЖМ себебін түсіндірді
«112» хабарламалары неге кешігіп келеді? / Фото: Unsplash

Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов «112» қызметінен келетін шұғыл хабарламалар қазақстандықтарға не себепті кешігіп келетінін түсіндірді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Журналистер «112» нөмірінен келетін ескертулердің кешігіп келетініне және мұндай жағдайдың бірнеше рет қайталанатынына назар аударды. Мәселен, мұның салдарынан қазақстандықтар ескертулерді елемейтін болған. Журналситер министрден ескертулердің уақытылы жетуіне кім жауапты екенін және ТЖМ бұл түйткілді қалай шешуді көздеп отырғанын сұрады.

Мұрат Мұханов министрлік әр өңірге SMS-хабарламаларды «Қазгидрометтен» ақпарат түскеннен кейін бекітілген ережелерге сәйкес бағыттайтынын, ал ұялы байланыс операторлары хабарламаларды өз абоненттеріне кезегімен тарататынын айтты.

«Иә, хабарламаның кешігіп жететіні туралы мәселе бар. Қазір ақпарат абоненттерге шұғыл жеткізілуі үшін ұялы байланыс операторларымен жұмыс істеп жатырмыз. Жер сілкінісіне келер болсақ – Алматыда және тоғыз өңірде Mass Alert жүйесі орнатылған, ол ақпаратты халыққа 1 минутқа дейінгі уақытта жеткізуге мүмкіндік береді», – деді ТЖМ басшысы.

Айтуынша, бұл ұялы байланыс операторларынан бөлек жүйе. Алдағы уақытта басқа да жер сілкінісі қаупі бар өңірлерде сейсмостанциялар салынып, Mass Alert ескерту жүйесі орнатылмақ.

Журналистердің «112» хабарламаларын таратуға бюджеттен қанша қаражат бөлінеді деген сұрағына ТЖМ өкілдері бүгінгі таңда бұл мақсатқа бірде-бір теңге жұмсалмағанын айтты.

Ескертулер министрлік пен байланыс операторлары арасында бұған дейін жасалған меморандумдар негізінде тегін таратылады.

Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов жылыту маусымы кезінде қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға дабылқаққыш орнатылып жатқанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз