«ҚазАвтоЖол» қыста жолдарды жабу тәртібін түсіндірді

Қатты боран, көктайғақ немесе өзге де қолайсыз ауа райы кезінде республикалық жолдарда көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Мұндай шешім қауіпті жағдай басталмай тұрып, шамамен 3–4 сағат бұрын қабылданады. Бұл туралы ОКҚ алаңында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қозғалысты шектеу туралы шешім «Қазгидромет» болжамы мен жолдағы нақты жағдайды ескере отырып, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп қабылданады.
«Басты мақсат – боран, көктайғақ және басқа да қауіпті жағдайлар кезінде жолда төтенше оқиғалардың туындауына, көліктер мен адамдардың қауіпті бөліктерде жиналып қалуына жол бермеу. Жол қозғалысын уақытша шектеу – ең алдымен адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған алдын алу шарасы», – деді Дархан Иманашев.
Оның сөзінше, ауа райы жақсарғаннан кейін жол қызметтері қозғалысты мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Тағы да оқыңыз: Жолдарда ауа райы мен қозғалыс жағдайын көрсететін таблолар пайда болады