Президент дінге қатысты араб сөздерін жиі қолданатындар туралы айтты

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір сөздің аудармасына қатысты пікір білдірді. Одан бөлек дінге қатысты сөздердің орнына араб сөздерін қолдану сәнге айналғанын айтты.

«Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, кейінгі жылдары «Құдай қаласа», «Құдайға шүкір» деген тіркестердің орнына «Иншалла», «Әлхамдулиллаһ» секілді арабша сөздер мен тіркестер жиі қолданыла бастады. Одан бөлек ауызашарды «ифтар», сәресін «сухур» дейтіндер де бар.

Жиі қолданылып жүрген сөздер

Президенттің айтуынша, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер қазір кең қолданылады. Тоқаев мұны «жақсы дүние» деп атады.

«Жасанды» сөздер

Қасым-Жомарт Тоқаев «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа сөздерді «жасанды сөздер» деп атап, олардың қажеттілігі екіталай деді.

Сол себепті тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды екенін айтты. Мұны мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент әкімшілігіне жүктелді.

Сондай-ақ оқыңыз