Қар тазалайтын техника тапшы – «ҚазАвтоЖол»

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Алматы әкімдігі

Елде автомобиль жолдарын қыста күтіп ұстауға арналған арнайы техника тапшылығы әлі де бар. Атап айтқанда, аралас жол машиналарының жетіспеушілігі шамамен 70 бірлікті құрайды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.

Оның айтуынша, соңғы екі жарым жылда компания 1 900-ден астам арнайы техника сатып алған. Соның нәтижесінде жалпы техника тапшылығы 5 мыңнан астам бірліктен шамамен 3 мыңға дейін қысқарған.

Дегенмен қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстауға қажетті аралас жол машиналарының тапшылығы әлі де өзекті болып отыр.

«Аралас жол машиналары бойынша тапшылық шамамен 70 бірлікті құрайды. Бұл мәселені шешу үшін аталған техниканы жалға алуды жоспарлап отырмыз. Тиісті конкурстық рәсімдер өткізілді, әлеуетті жеткізушілер анықталды. Жел күшейіп, қар жауған немесе техника қажет болатын басқа да жағдайларда жалға алынған машиналарды пайдаланамыз», – деді Дархан Иманашев.

Сонымен қатар компания 170 аралас жол машинасын жеткізуге келісімшарт жасасқан. Жеткізушілердің алдын ала мәліметінше, техника 10–15 желтоқсанға дейін келуі тиіс. Алайда жеткізілім кешіккен жағдайда қосымша шара да қарастырылған.

«Бізде қосалқы жоспар бар – қажетті техниканы жалға аламыз», – деп атап өтті компания басшысы.

Тағы да оқыңыз: «ҚазАвтоЖол» қысқы маусымға дайын ба

Сондай-ақ оқыңыз