Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі 2027 жылдың соңына дейін️ жаңартылады

Президент қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру жұмысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
«Қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн», – дейді президент.
Осыған байланысты емле мен ережені түгендеп, жүйелеуді тапсырды.
“Барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтуынша, Жоғарғы Кеңес президиумының жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ.
Бұған дейін президент кейбір сөздің аудармасына қатысты пікір білдірді. Одан бөлек дінге қатысты сөздердің орнына араб сөздерін қолдану сәнге айналғанын айтты.