Астанада автобус жолақысын қымбаттату неге кейінге шегерілді

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифін 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеруді желтоқсан айының ортасынан бастап енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі тариф 2014 жылы белгіленген. Содан бері жол ақысы бір рет қана қайта қаралған. Ал осы уақыт ішінде тасымалдаушылардың негізгі шығындары айтарлықтай өскен.
Мәселен, дизель отынының бір литрі 2014 жылы шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге жеткен. Жүргізушілердің орташа жалақысы да бұрынғы 100–150 мың теңгеден автобус класы мен жұмыс кестесіне қарай 700 мың теңгеден басталатын деңгейге өскен. Соған қарамастан, соңғы үш жылда елордадағы тасымалдаушылар 1127 жаңа автобус сатып алған. Көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыған дейін тарифті қымбаттату желтоқсан айында енгізілетіні хабарланған. Ал 15 қазанда шыққан қаулыда бұйрық жарияланған соң 10 күннен кейін енгізілетінін жазған. Енді әкімдік тариф желтоқсан айының ортасынан бастап қымбаттайтынын жеткізді.
Әкімдіктің түсіндіруінше, жол жүру ақысын өзгерту туралы шешімді қалалық мәслихат бекітуі тиіс. Алайда мәслихаттың мерзімінен бұрын таратылуына байланысты бұл мәселе кейінге қалған. Енді тарифті көтеру туралы ұсынысты мәслихаттың жаңа құрамы қарайды.