Алматыда сараптамадан өтпеген жобаға 202 млн теңге төленген

Алматыда Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы мемлекеттік сараптамадан өтпеген жоба үшін 202 млн теңге төлеген. Бұл туралы жергілікті прокуратура хабарлады.
Ресми дерекке сәйкес, мұндай әрекетке басқарма мамандары жолды жөндеуге бағытталған жобаны әзірлеу кезінде жол берген. Ал жобалық-сметалық құжаттаманы іске асыру мүмкін болмаған.
Осыдан кейін лауазымдық өкілетін теріс пайдалану фактісі бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 361-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, қыркүйекте елде 106 жемқорлық құқық бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі парақорлық, ұрлық, алаяқтық, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және асыра пайдалану деректеріне қатысты болған.