Bek Air қожайынына қатысты тергеу аяқталды

Бас көлік прокуратурасы ұшақ қозғалтқыштарын ұрлау ісі бойынша тергеуді аяқтады. Істе Bek Air әуе компаниясының бұрынғы басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың аты аталады.
Еске сала кетейік, Алматы әуежайының аумағында тұрған Fokker 100 ұшағынан екі авиациялық қозғалтқыш жоғалып кеткен. Олардың нақты қашан қолды болғаны белгісіз. Жоғалған қозғалтқыштардың бірі 2019 жылы Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақтан табылған.
Қылмыстық істің мән-жайы
Нұрлан Жұмасұлтановтан бөлек іс материалдарында тағы бір күдікті – бұған дейін БАҚ-та аты-жөні жарияланбаған З. Тұрсынов бар.
«2026 жылдың 23 қыркүйегі ҰҚК Тергеу департаменті күдіктілер Н. Жұмасұлтанов пен З. Тұрсыновқа қатысты қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы («бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау») бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Қазір процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр. Прокуратура тергеу құпиясына сілтеме жасап, өзге мәліметтерді жарияламады.
Істің сотқа қашан жолданатыны әзірге белгісіз.
Бұған дейін қызметі тоқтатылған Bek Air әуе компаниясының иесі Нұрлан Жұмасұлтанов Fokker 100 қозғалтқыштарының бірін ұрлауға қатысы бар деген күдікпен ұсталды деген ақпарат тарады.
Ұшақ апаты
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан елордаға ұшып шыққан әуе кемесі аспанға көтерілу кезінде әуежайдың бетон қоршауына, кейін бірнеше метр қашықтықта орналасқан жеке тұрғын үйге соғылды. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Салдарынан 69 адам жарақат алып, 12 адам қаза тапты.
Ұшақ апатына байланысты тергеу бес жылға созылды. Тергеушілер апатқа ұшақты басқарған екі ұшқыш кінәлі деп, оларға әуе көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқты деген айып тағылды.