Толассыз жаңбырдан Газа аймағын су басты: қаза тапқандар бар

Газа секторында толассыз жаңбырдың соңы су тасқынына ұласып, кемінде 5 адам қаза тапты, оның төртеуі – балалар, деп хабарлайды Kursiv.Media.
БҰҰ жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, мыңдаған отбасы баспанасыз және мүлкісіз қалды.
БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының мәліметінше, жауын салдарынан босқындар орналасқан лагерьлерді су басқан. Топан су салдарынан бір нәресте суға батып кетті. Сондай-ақ, шатырлардың үстіне құм төбе құлап, үш бала мен бір әйел мерт болды.
БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбіт процесті реттеу жөніндегі өкілі Рамиз Алакбаров тұрғындардың көбі тозығы жеткен шатырларда өмір сүріп жатқанын атап өтті. Ол Газаға сорғылар, ауыр техника, шатырлар мен қысқы киімдерді жеткізудегі кедергілерді жоюға және шұғыл қаржылай көмек көрсетуге шақырды.
БҰҰ Газада бейбіт тұрғындарға жасалып жатқан соққыларды тоқтатып, халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес азаматтарды қорғауды қайтадан талап етті.
Бұған дейін Біріккен ұлттар ұйымы Израиль әдейі палестиналық балаларға қарсы соққы жасап отырғанын айтқан еді. Зерттеуге сәйкес Газа секторындағы соғыста қаза тапқандардың 30%-ы – балалар.