Өскеменде жаңа көпір салу үшін 1500 ағашты кеспек

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: ШҚО әкімдігі

Өскеменде Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу кезінде 1,5 мыңға жуық ағаш пен 33 бұта кесілуі мүмкін. Көпірге апаратын жол құрылысы үшін де саяжай құрылыстары бұзылып, жер телімдері мемлекет қажетіне алынбақ. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Қаладағы ұзындығы 800 метрден асатын жаңа көпірдің жобасы 2009 жылғы бас жоспарға енгізілген. Алайда оның құрылысы араға 20 жылға жуық уақыт салып қана қолға алынып отыр. Жобаға тапсырыс беруші – Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Құрылыс жұмыстарын «ОблШыгысЖол» ЖШС жүргізеді.

Көпірге апаратын жолдар тұрғындар тұратын аумақ арқылы өтетіндіктен, билік жер телімдерін мемлекет қажетіне мәжбүрлеп алу жұмыстарын бастаған. Жер иелеріне өтемақы төленеді.

Ал құрылыс жүретін аумақтағы жасыл желекке қатысты құжатта 1524 ағаш, 33 бұта және 684 шаршы метр жабайы өсімдік өскені көрсетілген. Оның ішінде 1492 ағаш пен 33 бұтаны кесу, тағы 19 ағашты санитарлық мақсатта отау жоспарланған. Құрылыс аумағында небәрі 13 ағашты сақтап қалу көзделген.

Кесілетін ағаштардың арасында 668 терек, 564 үйеңкі, 244 қарағаш, сондай-ақ қайың мен алма ағаштары бар.

Жоба ережесіне сәйкес, кесілген әр ағаштың орнына мердігер биіктігі 2,5 метрге дейінгі 10 көшет отырғызып, оларды екі-үш жыл күтіп-баптауы керек. Осы талап бойынша 15 мыңға жуық жаңа ағаш отырғызылуы мүмкін. Алайда әзірге көшеттер егілетін нақты орындар белгіленбеген.

«Алдын ала құжаттамаға сәйкес, құрылыс аумағында 1524 ағаш анықталған. Оның 1492-сін кесу жоспарланған, тағы 19 ағаш санитарлық мақсатта кесіледі. Жұмыс жүргізілетін аумақта тек 13 ағашты сақтап қалу мүмкін болады», – делінген жобалық құжатта.

Облыстық басқарма өкілдері ағаштарды кесу туралы есептің әзірге түпкілікті шешім емес екенін айтады. Жоба әлі қоғамдық тыңдаудан және мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтуі керек. Бұл кезеңде тұрғындар мен мамандар жоспарланған жұмыстарға қатысты пікір білдіріп, ұсыныстар енгізе алады.

Жобаны іске асыруға 2022-2024 жылдары 16,7 млрд теңге бөлінген. 2025 жылы республикалық бюджеттен қосымша 10,3 млрд теңге қарастырылды. Өткен жылы өңір басшысы Берік Уәли құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін тағы 19 млрд теңге қажет екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз