
Қазақ эстрадасының тарихында аты аңызға айналған «АБК» тобының құрылу тарихы әр жылдары әртүрлі айтылып жүр. Дегенмен әнші Ерлан Көкеев топтың қалай дүниеге келгені туралы шындықты айтып, көпшілік арасында қалыптасқан пікірді өзгертті, деп жазады Kursiv.Media.
Ерлан Көкеевтің айтуынша, топтың құрылуына қатысты Қыдырәлі Болманов айтатын деректер мен шынайы жағдай арасында айырмашылық бар.
«Қыдырәлі ренжімесін, ол «бұл менің идеям» дейді. Бірақ шын мәнінде мүлдем басқаша болған», – дейді әнші.
«Қайдасың» әні
Ол кезде Ерлан Көкеев музыкалық студияда аранжировка жасап, әндер жазып жүрген. «Қайдасың» атты әнді жазу барысында дауысты үш дауысқа бөліп әннің өңін келтірмек болған. Бір ғана адамның дауысын қайталап жазу электронды жаңғырық беретіндіктен, студияға келген әріптестерінің көмегіне жүгінген.
Алдымен студияға келген Қыдырәлі Болмановқа белгілі бір партияны орындап беруді сұраған.
Артынша студияға Медеу Арынбаев кіріп, жоғары дауыстағы партияны әдемі орындап шыққан. Осылайша, бір фонограмманың ішінде үш әншінің дауысы тоғысып, әннің әлеуеті ашылған.
«АБК» атауы қайдан шықты?
Топтың атауы мен сахнаға шығуы Алматы әкімдігінің қала күніне орай ұйымдастырған концерті кезінде кездейсоқ болған.
Әкімдіктен концертке шығуға ұсыныс түскенде Ерлан Көкеев достарымен бірге өнер көрсетуге рұқсат сұраған. Алайда концерт барысында жүргізуші Александр Сергеевич стадион толы халыққа кенеттен: «АБК тобы сахнаға шықсын!» деп жар салған. Мұны естіген әншілер түсінбей, «бұл кімдер екен» деп абдырап қалған көрінеді.
Жүргізуші есімдердің бас әріптерін біріктіріп, «Арынбаев, Болманов, Көкеев – АБК» деп атап жіберген. Осылайша, халыққа бірден ұнаған бұл атау топтың атауы болып қалыптасқан.
Продюсерлік шешім
Топтың үлкені әрі ең пысығы Қыдырәлі Болманов өз мойнына продюсерлік міндетті алып, демеушілер тауып, қаржылық мәселелермен айналыса бастайды.
Медеу Арынбаевқа сол кезде Мәскеуден шетелдік демеушілерден ұсыныстар түскен болатын. Алайда жігіттер бас қосып, достыққа беріктік танытып, саусақтарын тіліп «қан арқылы» бауырласу рәсімін жасаған. Осылайша топ болып қалуды шешкен. Қыдырәлінің тапқырлығы мен іскерлігінің арқасында топ қазақ эстрадасының төрінен орын алып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Айта кетейік, биыл 2026 жылы АБК тобының құрылғанына 30 жыл толды.