Қазақстан шекарасында қолма-қол ақшаны ұстау тәртібі өзгерді

ЕАЭО-ның кедендік шекарасында қолма-қол ақшаны ұстап қалу тәртібі нақтыланды. Енді қолма-қол ақшаны ұстауға немесе оларды тасымалдауды тоқтата тұруға ұлттық қауіпсіздік органдары да қатысады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қаржы министрі 2026 жылғы 5 қарашадағы бұйрығымен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізілетін қолма-қол ақша мен ақша құралдарын ұстап қалу (тоқтата тұру) қағидаларына өзгерістер енгізді.
Құжатқа сәйкес, енді қолма-қол ақша мен ақшалай құралдарды ұстауға немесе оларды тасымалдауды тоқтата тұруға тек құқық қорғау органдары мен қаржылық мониторинг агенттігінің ғана емес, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік органдарының да берген ақпараты негіз бола алады.
Бұған дейін мемлекеттік кірістер органдары құқық қорғау органдары мен қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган ұсынған мәліметтер негізінде шара қабылдайтын.
Енді шекарадан өткізілетін қаражаттың қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қатысы болуы мүмкін екені туралы ұлттық қауіпсіздік органдарынан түскен ақпарат та ескеріледі.
Қағидаларға сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары аталған органдармен бірлесіп, осы әрекеттерге қарсы шара қолданады. Ұсынылған ақпарат негізінде ЕАЭО-ның кедендік шекарасы арқылы өткізілетін қолма-қол ақша немесе ақша құралдары ұстап қалынуы мүмкін.
Ұстап қалынған қаражат сұрау салу негізінде, оның сақталуына жауапты адамның қатысуымен беріледі. Қаражатты беру туралы акт екі данада жасалады.
Бұйрық 2026 жылғы 20 қарашадан бастап күшіне енеді.