Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жарияланды

Қаржы мониторингі агенттігі «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады.
Григорий Лория – Қазақстан Республикасының азаматы. Ол 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.
2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Тергеу дерегіне сай, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған құжаттарды пайдаланған, қаражаттың жеке шоттарға негізсіз аударылуын ұйымдастырған.
Одан бөлек салық декларациясында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген.
«Іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпаратыңыз болса, Қаржы мониторингі агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз. Байланыс телефондары: +7 (7172) 70-84-78», – деп хабарлады агенттік.
Бұған дейін Лорияға сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу, талан-таражға салу және салық төлеуден жалтару бойынша айып тағылғаны айтылды.
Айта кетейік, Григорий Лория «Қызыл-Жар» футбол клубын 2014 жылдан 2024 жылдың наурызына дейін басқарған.