Министрлер мен әкімдердің есебін енді халық тексере алады

Жарияланды
бухгалтер - ии
Енді шенеуніктердің есебін халық тексере алады/ ЖИ көмегімен жасалған

Ұлттық статистика бюросы AI TALDAU атты жасанды интеллект көмекшісін іске қосты, деп жазады Kursiv.Media.

Енді азаматтар қажетті статистикалық мәліметтерді, өңірлердің көрсеткіштерін, өзгеру динамикасын талдау үшін жүздеген кестені ақтармайды. Жүйе арқылы керек сұрақты қарапайым тілде қою жеткілікті.

Мысалы, белгілі бір өңірдегі орташа жалақының соңғы бес жылда қалай өзгергенін немесе Қазақстан аймақтарындағы халық санының айырмашылығын сұрауға болады.

Жүйе тиісті статистикалық деректерді тауып, салыстырып, нәтижесін кесте, график, диаграмма және талдамалық материал түрінде ұсынады.

Бұл жаңашылдықтың маңызы тек ақпарат іздеуді жеңілдетумен шектелмейді. AI TALDAU мемлекеттік органдардың есептеріндегі мәліметтерді тексеруге де мүмкіндік береді. Енді журналистер, зерттеушілер мен қарапайым азаматтар әкімдер мен министрлердің баяндамаларында келтірілген көрсеткіштерді ресми статистикамен салыстыра алады.

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов те жаңа жүйенің қоғамдық бақылау үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл – қоғамдық бақылаудың жаңа құралы. Журналистер мен зерттеушілерге де өте қолайлы. Бұрын жүздеген кестені ақтарып, қажетті ақпаратты өзің іздеу керек болса, енді сұрақты қарапайым тілмен қойып, керекті деректі табуға болады», – деп жазды депутат.

Ал ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, AI TALDAU ресми статистикалық ақпаратты барынша қолжетімді етіп, азаматтардың уақытын үнемдеуге көмектеседі.

«Енді бірнеше сағат бойы ақпарат іздеудің қажеті жоқ. Бірнеше секундта алуға болатын мәлімет үшін уақыт жоғалтпайсыз. Сұрақ қойсаңыз жеткілікті – жүйе жарияланған ресми деректер негізінде жауап береді. Ресми статистика әр адамға түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Ал технология адамдардың уақытын үнемдеп, сапалы ақпаратқа сүйеніп шешім қабылдауына көмектесуі тиіс», – деді ол.

AI TALDAU қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Дайын материалдарды PDF, Word, PowerPoint және Excel форматтарында сақтауға болады.

Сонымен қатар «Талдау» ақпараттық-талдамалық жүйесі де жаңартылған. Платформаның дизайны мен навигациясы өзгеріп, деректерді іздеу және талдау құралдары жетілдірілді. Пайдаланушылар статистиканы өңірлер, кезеңдер және басқа да көрсеткіштер бойынша салыстырып, өз кестелері мен диаграммаларын жасай алады.

Сондай-ақ оқыңыз