«Қазцинк» Қостанай облысындағы қорғасын мен мырыш өндіретін кенішін жабады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
«Қазцинк» Қостанай облысындағы қорғасын мен цинк өндіретін кенішті жабады
«Қазцинк» Қостанай облысындағы кенішін жабады / фото: shutterstock

«Қазцинкке» қарасты «Шаймерден» АҚ Қостанайдағы «Шаймерден» қорғасын-мырыш карьерін толығымен жабады. Кенішті жабу бойынша жұмыстардың бірінші кезеңі 2012 жылы орындалған болатын, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Qazba.kz ақпараты бойынша, карьерді жою жөніндегі қоғамдық тыңдау желтоқсан айының басына белгіленген. Карьердегі кен толықтай өндіріліп біткендіктен кеніш жабылады. Жоюдың бірінші кезеңі аяқталып, арнайы үйіндіден кен жөнелтіле бастады. Осылайша, қазір екінші кезеңді аяқтау туралы сөз болып отыр.

Шаймерден Қостанайдан 200 шақырым жерде, Қамысты аудан орталығына жақын орналасқан. Көршілес жерде ERG басқаратын «Красногорский» боксит кеніші жұмыс істеп тұр.

Кен орнының өзін игеру 2011 жылы-ақ тоқтатылған, ал 2019 жылы ол бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшартының мерзімі аяқталды. Шаймердендегі цинк кен орны 1990 жылдары ашылған болатын, мұндағы кендегі бағалы металдың мөлшері өте жоғары. 2000 жылдардың ортасында учаскені игере бастағанда, оның қоры 910 мың тоннаға бағаланды. Шаймерден кенінен цинктен бөлек қорғасын, күміс, марганец, кадмий, молибден, кобальт, ванадий және германий сияқты металдар табылды.

Карьерді жоюдың соңғы кезеңі 2027 жылы басталады. Жұмыстар шамамен бір жылға созылады. Жердің бір бөлігін қалпына келтіріп, оны «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның (көршілес «Красногорский» кенішінде жұмыс істейтін компания) болашақ өндірісін орналастыру үшін пайдалану жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыз