BMW-нің жаңа X5 кроссовері мен 7 сериялы седаны қанша тұрады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
BMW
BMW X5, BMW 7 серии, BMW Казахстан, цены BMW
Фото: BMW Kazakhstan

BMW брендінің екі жаңа моделі таныстырылады. Astana Motors құрамындағы BMW Kazakhstan 14 қарашадан бастап жаңа BMW X5 кроссовері мен BMW 7 сериялы флагман седанына алдын ала тапсырыс қабылдайды. Жаңа X5 бағасы 63 637 511 теңгеден, ал BMW 7 сериясы 81 711 570 теңгеден басталады.

14 қарашадан бастап екі модельді Алматы мен Астанадағы ресми BMW дилерлік орталықтарынан көруге болады. Ал желтоқсан айында жаңа көліктер Қазақстандағы барлық ресми дилерлік орталықтарда қолжетімді болады.

Қазақстандағы BMW дистрибуциясының директоры Бауыржан Әбеновтің айтуынша, екі модель де брендтің заманауи технологиялары мен жайлылыққа деген көзқарасын көрсетеді.

Фото: BMW Kazakhstan

«Аталған модельдер BMW брендінің заманауи сән-салтанатының әртүрлі қырын көрсетеді. X5 кроссовері толық өлшемді Sports Activity Vehicle көлігінің кең салоны және брендке тән басқару дәлдігімен ерекшеленеді. Ал 7 серияның флагман седаны марканың мәртебелі сипатын айқындап, сапар кезіндегі жайлылықтың жоғары стандартын белгілейді. Екі модель де жаңа буындағы цифрлық технологиялар, дербестендірудің кең мүмкіндіктері, жүргізуші мен жолаушыларға арналған жайлылықпен ерекшеленеді», – деді ол.

BMW X5: бесінші буын және жаңартылған дизайн

BMW компаниясы 1999 жылы X5 моделін таныстырып, Sports Activity Vehicle (SAV) сегментінің негізін қалады. Содан бері бұл модель премиум-класс жол талғамайтын көліктерінің танымал үлгілерінің біріне айналды.

Фото: BMW Kazakhstan

Зауыттық коды G65 болатын жаңа бесінші буын BMW X5 дизайны, салоны және технологиялық жабдықталуы жағынан жаңартылған. Модельдің сыртқы келбеті бұрынғы пропорцияларын сақтай отырып, Neue Klasse дизайн тұжырымдамасына сай жасалған.

Көліктің ерекшеліктерінің қатарында BMW Iconic Glow жарықтандырылған тік радиатор торы, қос «X» пішініндегі жарық графикасы және BMW Winglets жасырын есік тұтқалары бар.

Қазақстан нарығына 48 вольтты жұмсақ гибрид жүйесімен жабдықталған, қатар орналасқан алты цилиндрлі қозғалтқышы бар BMW X5 xDrive40i нұсқасы ұсынылады. Қозғалтқыштың қуаты – 400 ат күші.

Модель xDrive толық жетекті жүйесімен, бейімделетін аспамен жабдықталған. Сонымен қатар көлік салмағының алдыңғы және артқы осьтер арасында 50:50 қатынасында бөлінуі жолдағы тұрақтылық пен басқару дәлдігін қамтамасыз етеді.

BMW X5 салоны отбасылық сапарлар мен ұзақ жол жүруге арналған. Ал 226 мм жол аралығы көліктің қала сыртындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Интерьердегі басты жаңалықтардың бірі – BMW Operating System X операциялық жүйесімен жұмыс істейтін BMW Panoramic iDrive жүйесі. Ол алдыңғы әйнектің төменгі бөлігін қамтитын BMW Panoramic Vision проекциялық жүйесін, 17,9 дюймдік орталық дисплейді және BMW 3D Head-Up Display жүйесін біріктіреді. Сонымен қатар жаңа X5 моделінде алғаш рет алдыңғы жолаушыға арналған жеке экран қарастырылған.

Компания жаңа буындағы X5 моделін бастапқыдан бес түрлі қозғалтқыш пен күштік қондырғы нұсқасына бейімдеп әзірлеген. Болашақта модельдер қатарында бензинді және дизельді нұсқалармен қатар, қуаттау мүмкіндігі бар гибридтер, толық электрлі BMW iX5 және сутегімен жүретін BMW iX5 Hydrogen нұсқалары да болады.

BMW 7 сериясы: флагман седанның жаңа мүмкіндіктері

Фото: BMW Kazakhstan

Жаңа BMW 7 сериясы Neue Klasse технологиялық тұжырымдамасына негізделген. Флагман седанның сыртқы дизайнында BMW Iconic Glow жарықтандырылған радиатор торы мен қосымша опция ретінде ұсынылатын BMW Individual Iconic Glow хрусталь фаралары көзге түседі. Сондай-ақ модельді BMW Individual топтамасындағы екі түсті экстерьермен тапсырыс беруге болады.

Қазақстан нарығында BMW 7 сериясының 740 xDrive нұсқасы ұсынылады. Ол үш литрлік, қатар орналасқан алты цилиндрлі бензин қозғалтқышымен және 48 вольтты жұмсақ гибрид жүйесімен жабдықталған. Күштік қондырғының жиынтық қуаты – 400 ат күші, ең жоғары айналу моменті – 580 Н·м.

Фото: BMW Kazakhstan

Сегіз сатылы автоматты беріліс қорабы мен xDrive толық жетекті жүйесінің арқасында седан 100 км/сағ жылдамдыққа 5,1 секундта жетеді. Ал ең жоғары жылдамдығы – 250 км/сағ.

Модельде жолаушылардың жайлылығына да ерекше көңіл бөлінген. Алдыңғы және артқы осьтердегі бейімделетін пневматикалық аспа жолдағы кедергілерді жұмсартып, сапар кезінде жайлылықты қамтамасыз етеді.

Фото: BMW Kazakhstan

Артқы қатардағы жолаушыларға арналған басты ерекшеліктердің бірі – төбеден автоматты түрде түсетін 31,3 дюймдік BMW Theatre Screen экраны. Ол қосымша опция ретінде ұсынылады. Dolby Atmos көлемді дыбыс технологиясы мен мультимедиалық мүмкіндіктері артқы орындықтағы жолаушыларға фильм көруге, ойын ойнауға және бейнеконференцияларға қатысуға мүмкіндік береді.

Салонды әрлеуде BMW Individual топтамасының премиум материалдары, хрусталь басқару элементтері мен реттелетін контурлық жарық қолданылады. Сонымен қатар панорамалық шатыр интерьердің кеңдігін айқындай түседі.

Сондай-ақ оқыңыз