Solidcore жаңа үш электр станциясын салады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Solidcore Қазақстанда үш жаңа электр станциясын салады
Solidcore Қазақстанда үш жаңа электр станциясын салады / коллаж: kursiv.mediа

Еліміздегі ең ірі алтын өндіретін үш компанияның бірі Solidcore Resources Қазақстанда жалпы қуаты 96 МВт болатын жаңа үш электр станциясын салады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Компанияның ақпараты бойынша, қазіргі жоспарда екі күн электр станциясы мен бір газ-поршеньді станцияның құрылысы қарастырылған. Олар Solidcore компаниясының ішкі энергия қажеттілігін қамтамасыз етуге және көміртегі ізін азайтуға бағытталған.

Күн электр станциялары Сырымбет (23 МВт) және ЕГМК (Ертіс гидрометаллургия комбинаты, 25 МВт) жобаларын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін салынады.

Қуаты 48 МВт болатын газ-поршеньді станция Қарағанды облысында бой көтеріп, ұлттық электр желісіне және газ тасымалдау жүйесіне қосылады. Нысандарды орналастыратын нақты алаңдар, жобалардың құны мен техникалық параметрлері кейінірек анықталады.

Компания өкілдері өткен жылы Варварин кен орнында қуаты 23 МВт болатын күн электр станциясы іске қосылғанын, ал тағы екі жоба жүзеге асырылу үстінде екенін еске салды.

Барлық станция салынғаннан кейін Solidcore компаниясының ішкі генерация көлемі жалпы алғанда 176 МВт-қа жетеді.

«Жеке генерацияны, соның ішінде күн энергия көздерін дамыту Solidcore стратегиясына толық сай келеді: бұл біздің кәсіпорындарымыздың операциялық тиімділігін арттыруға, өндірісті ұлғайтуға және көміртек ізін дәйекті түрде азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Solidcore Eurasia бас директоры әрі Solidcore Resources бас операциялық директоры Қанат Досмұқаметов.

Айта кетейік, Solidcore Resources алтын өндіруші компаниясы 2026 жылдың 9 айында қаржы түсімін 83 пайызға арттырып, 1,575 млрд долларға жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз