Шарын шатқалы әлемдегі ең үздік 20 шатқалдың қатарына енді

Жарияланды 12 Қараша 2026 08:22

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Шарын / фото: shutterstock
Шарын / фото: shutterstock

Алматы облысындағы Шарын шатқалы әлемнің ең үздік каньондары мен шатқалдарының рейтингінде 17-орынға ие болды. Қазақстанның табиғи көрікті жері халықаралық Worldworthy 100 рейтингінің 2026 жылғы тізіміне енді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Бұл туралы Qazaq Ormany мәлімдеді.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Шарын шатқалы әлемдегі ең үздік 100 каньон мен шатқалдың арасында 17-орынға орналасқан. Ал Қазақстан бойынша рейтингке енген нысандар арасында бірінші орын алған.

Worldworthy 100 рейтингі келушілердің пікірлері мен ұсыныстары, журналистік зерттеулер және ашық дереккөздердегі мәліметтер негізінде жасалады.

2026 жылғы рейтингке әлемнің 46 елінен 100 каньон мен шатқал енгізілген.

Шарын шатқалы миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан жартастары, ерекше геологиялық құрылымы және табиғат көріністерімен танымал. Оның ең белгілі бөліктерінің бірі – «Қамалдар аңғары».

Сондай-ақ жарияланымда Worldworthy редакциясы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне рейтинг лауреатының арнайы сертификатын жолдағаны айтылған.

«Бұл – Қазақстанның бірегей табиғи мұрасын әлемге танытатын қуанышты жаңалық әрі оны сақтау жолында еңбек етіп жүрген табиғат қорғаушылары үшін ерекше мәртебе», – делінген хабарламада.

Шарын шатқалы Алматыдан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан. Ол Қазақстандағы ең танымал табиғи туристік орындардың бірі саналады.

Сондай-ақ оқыңыз