OpenAI компаниясының үшінші тоқсандағы түсімі 10 млрд долларға жетті

OpenAI компаниясының үшінші тоқсандағы түсімі екінші тоқсанмен салыстырғанда шамамен 50%-ға өсіп, 10 млрд долларға жетті. Алайда компанияның операциялық шығыны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.
Интерфакс-Қазақстан мәліметінше, OpenAI компаниясының біржолғы факторларды есепке алмағандағы операциялық рентабельділігі үшінші тоқсанда жақсарған. Атап айтқанда, алдыңғы тоқсандағы минус 150%-дан минус 109%-ға дейін өскен.
Сонымен қатар компанияның түзетілген операциялық шығыны 10,1 млрд доллардан 10,9 млрд долларға дейін ұлғайған. Бұл көрсеткішке қызметкерлерге акция түрінде берілетін сыйақы шығындары кірмейді. Оның көлемі 2,6 млрд долларды құраған.
OpenAI компаниясының негізгі бәсекелесі Anthropic осы айдың басында үшінші тоқсандағы түсімі шамамен 17 млрд долларға жеткенін хабарлады. Ал операциялық шығыны 567 млн доллар болған. Anthropic жағдайында операциялық шығын есебіне қызметкерлерге акция түрінде берілетін сыйақылар да енгізілген.
OpenAI корпоративтік секторға арналған табыстылығы жоғары жасанды интеллект өнімдері нарығында Anthropic компаниясынан қалып келе жатқан айырмашылықты қысқартуға тырысып жатыр. Осы мақсатта нарықтағы үлесін арттыру үшін өзінің соңғы үлгілерінің бағасын төмендетті. Компанияның жалпы түсіміндегі корпоративтік сегменттің үлесі де біртіндеп артып келеді.
Сондай-ақ компания сейсенбі күні инвесторларға ChatGPT-тің ақылы пайдаланушыларының саны шамамен 100 млн-ға жеткенін хабарлады. Бұл апта сайынғы белсенді пайдаланушылардың жалпы санының 8,5%-ын құрайды.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, көрсеткіш алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда сәл жоғары. Бұл әлемдегі ең танымал тұтынушылық чат-боттың ақылы жазылымына пайдаланушылар тарту бағытында ілгерілеу бар екенін көрсетеді.
Бұған дейін, биыл OpenAI ChatGPT платформасында жарнама орналастыруды да іске қосқан болатын. Бұл компания бизнесінің рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
OpenAI келесі жылы акцияларын алғашқы жария орналастыруға (IPO) шығаруды жоспарлап отыр. Ал Anthropic компаниясы акцияларын осы айдың өзінде биржаға орналастыруды көздеп отыр.