729 қазақстандық әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
729 қазақстандық әлеуметтік төлемдерден бас тартты
729 қазақстандық әлеуметтік төлемдерден бас тартты / фото: Делия Айдаралиева

729 азамат «Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисі арқылы әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тартқан. Аталған сервис 2026 жылғы қазанда іске қосылған, деп хабарлайды Kursiv.Мedia еңбек министрлігіне сілтеме жасап.

Бір ай ішінде 729 адам өзіне тағайындалған әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдаған. Министрлік мұны әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі деп бағалды.

«Бұл – әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдағы өзара ынтымақтастық қағидаттарының көрінісі, яғни өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттік қолдаудан саналы түрде бас тартуды жөн көрген», – деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің 12-сі бойынша мемлекеттік қолдау көрсету тетігі атаулылық қағидатына негізделеді. Көмек бірінші кезекте оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағытталады.

«Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисі eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Ол тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алушыларға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, жекелеген әлеуметтік қолдау түрлерінен бас тарту туралы электрондық өтінішті өз бетінше беруге мүмкіндік береді.

Министрлік «әлеуметтік төлемдерден бас тарту – азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен қабылдайтын шешімі екенін» еске салды.

«Сервис, ең алдымен, материалдық жағдайы жоғары және ауқатты санатқа жататын, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған», – деп хабарлады ведомство.

Өмірлік жағдайы өзгерген жағдайда азаматтар тиісті мемлекеттік қолдауды қайта тағайындау туралы өтініш беруге құқылы. Өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

Сервис тек электрондық үкіметтің ресми платформаларында – eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді.

Бұған дейін министрлік бала тууға, бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу ережелеріне өзгеріс енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз