Нұрсұлтан Құрман футзал федерациясының президенті қызметінен кетті

Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Kursiv Media.
Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының басшысы ретіндегі жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Ол бұл қызметтің өзіне үлкен жауапкершілік жүктегенін және мол тәжірибе жинауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Бүгін мен үшін маңызды кезеңдердің бірі аяқталып отыр. Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметіндегі жұмысымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, мол тәжірибе мен ерекше естеліктерге толы кезең болды», – деп жазды Құрман.
Ол отандық футзалдың дамуына үлес қосқан әріптестеріне, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшылар мен жанкүйерлерге алғыс білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа ерекше ризашылығын жеткізді.
«Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткені және бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ мақсат жолындағы әріптестігіміз мен үшін бағалы тәжірибе болды», – деді ол.
Құрман қызмет барысында жетістіктермен қатар қиындықтардың да болғанын жасырмады. Дегенмен атқарылған жұмысты жоғары бағалайтынын атап өтті.
Бұрынғы басшы Қазақстан футзалының болашағына сенім білдіріп, ұлттық құрама мен клубтарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол алдағы уақытта жаңа жобалар мен бастамаларды қолға алуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Алда менің де жаңа жоспарларым мен тың бастамаларым бар. Олардың әрқайсысына үлкен үмітпен қараймын. Уақыты келгенде алдағы жоспарларым туралы сіздермен арнайы бөлісетін боламын. Бұл қоштасу емес, жаңа кезеңнің бастауы», – деп жазды Нұрсұлтан Құрман.
Әзірге оның қызметтен кетуіне нақты не себеп болғаны және Қазақстан футзал қауымдастығының жаңа президенті кім болатыны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Бұған дейін, «Астана» футзал клубы банкроттық рәсімін бастаған еді.