Дженсен Хуанг кейсі: жеке өмірдегі опасыздық лауазымды тұлғаларға қалай әсер етеді

Осы күндері әлем назарындағы басты тақырып – Nvidia басшысы Дженсен Хуангтың «сал-серілігі». ЖИ нарығындағы ең ықпалды тұлғаның бірі осыдан бес күн бұрын әйелінің көзіне шөп салғанын мойындап, кешірім сұрады. Бірақ бұл отбасылық опасыздық емес, халықаралық дауға айналды. Батыста мұндай жағдайлар қызметтен кетуге әкеледі. Көңілдес тауып, соңынан компаниядағы орнынан айырылған кәсіпкерлер көп-ақ. Ал Қазақстанда ше?
Әлемдегі ең ірі технология компанияларының бірі Nvidia-ны басқаратын Дженсен Хуанг отбасынан ғана емес, компания қызметкерлерінен де кешірім сұрауға мәжбүр болды. Ол жұбайына адал болмағанын мойындағаннан кейін компанияның директорлар кеңесі оның жеке байланысына қатысты тәуелсіз тексеру бастады. Бұған қоса оқиға ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ұласты. АҚШ тарапы Хуанг байланысқан әйелді Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін тұлға деп күдіктенеді. Даудың соңы Хуангтың отставкаға кетуімен аяқталды. Миллиардердің өз еркінен тыс қызметтен кетуі басшының жеке өміріне қатысты әрекеттері компания беделіне, акционерлердің сеніміне және қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.
Оқи отырыңыз: Nvidia басшысы Дженсен Хуангтың тағы бір көңілдесі бар болып шықты
15 секундтық видео мансабын тас-талқан етті
АҚШ-тағы Astronomer технологиялық компаниясының бас директоры Энди Байрон мен оның нақсүйері болған Кристин Кэбот 15 секундтық видеомен әлемге танымал болды. Сол қысқа бейнежазба екеуінің мансабына үлкен зиян тигізді. 2025 жылы Coldplay концертінде үлкен экранда компания басшысы мен HR бөлімінің жетекшісінің құшақтасып тұрғаны видеоға түсіп қалды. Құшақтасқанда тұрған ешнәрсе жоқ, егер екеуінің де отбасы бар екенін ескермесек. Видео желіде жүз миллиондаған қаралым жинап, көпшілік жұпты опасыздық жасады деп айыптады.
Astronomer компаниясы алдымен ішкі тексеру жүргізіп, кейін Энди Байронның отставкасын қабылдады. Кристин Кэбот та қызметінен кетті.

Британдық BP мұнай компаниясының бас директоры Бернард Луни да осындай романтикалық қарым-қатынастан кейін қызметінен кетті. Кей деректер бойынша, ол әр жылдары компаниядағы үш қызметкермен жақын қарым-қатынаста болған. 2022 жылы директорлар кеңесі оның байланыстары туралы ақпарат алғаннан кейін ішкі тексеру жүргізген. Бірақ корпоративтік талаптар бұзылмады деп анықтап, Луниді орнында қалдырады.
Кейінірек тағы да шағым түсіп, жаңа тексеру басталады. Сол кезде бұрын бар шындықта ашып айтпағанын, кей қарым-қатынасы жайлы жасырып қалғанын мойындайды. Осыдан кейін компанияға қырық жылын арнаған Бернар Луни өз еркімен қызметінен кетті.

Макдональдстың бұрынғы басшысы Стив Истбрукты да осы тізімге жатқызуға болады. 2019 жылы ол компания қызметкерімен келісім бойынша қарым-қатынаста болғаны үшін қызметінен босатылды. Алғашында компания онымен келісімге келіп, жұмыстан шығу кезінде қомақты өтемақы алуға мүмкіндік берген. Бірақ 2020 жылы McDonald’s қосымша тексеру жүргізіп, оның басқа қызметкерлермен де жасырын қарым-қатынаста болғанын анықтаған.
Компания бұрынғы басшыны сотқа беріп, келісім кезінде шындықты жасырды деп айыптады. Сөйтіп Истбрук Макдональдсқа қолма-қол ақша мен акция түрінде 105 миллион доллардан астам қаражат қайтаруға келісті.
Батыс қоғамының реакциясы қандай болды?
Жоғарыдағы тұлғалардың кейсі қызметкерлерімен романтикалық байланыс мансабына қаншалықты зиян тигізетінінің айқын көрінісі. Бірақ олар әйеліне опасыздық жасағаны немесе сүйіктісінің көңілін қалдырғаны үшін жұмыстан кеткен жоқ. Адамның жеке қатынасы оның жеке өмірі деп саналады және оны талқыға салмайды. Әлбетте, қоғам олардың ісін аморальдық деп тауып, айыптады, сынады, әлеуметтік желіде жерден алып жерге салып жатты.
Ал олар жұмыс істеген компания басшылары топ-менеджерлер әрекетін корпоративтік талапты бұзды дегеннен кейін ғана жұмыстан босатқан. Мәселен, Astronomer компаниясы СЕО мен HR департаментінің жетекшісі арасындағы жақын романтикалық қатынас корпоративтік басқару стандарттарына қатаң қайшы келеді деп тапты. HR басшысы компаниядағы әдепсіздік немесе қысым көрсету жағдайларын тексеруге және реттеуге тиіс тұлға, ал ол бастықтың өзімен жақын байланыста болғанда, объективті шешім қабылдай алмайды.
Бернард Луниді де жұмыстан кетірген «сал-серілігі» емес, оның – өтірігі. Financial Times авторы Брук Мастерстің талдауында Лунидің қызметінен кету себебі оның жеке қарым-қатынаста болғаны емес, директорлар кеңесіне толық шындықты айтпағаны екені жазылған. Тексеру кезінде оның кей мәліметтерді жасырып қалғаны анықталғаннан кейін, ресми түрде қызметінен босатты.
Батыс елдерінде әріптестер арасындағы романтикалық қарым-қатынасқа ресми тыйым жоқ. Бірақ жекелеген корпорациялар мен компаниялардың ішкі ережелерінде ондай байланысқа тыйым салынатыны анық жазылған. Басты себеп – мүдделер қақтығысы. Яғни эмоция, сезім болған жерде басшылық обьективті шешім қабылдай алмауы мүмкін. Басшы өз көңілдесінің жалақысын өсіріп, өзгелерден артық сыйақы беруі тәрізді тәуекел бар. Қатардағы қызметкерлердің қарым-қатынасына ондай қатаң тыйым жоқ, бірақ кей компания HR бөліміне хабарлауды талап етеді.
FT авторы Брук Мастерстің жазуынша, 2017 жылдағы #MeToo қозғалысынан кейін корпоративтік сектор басшының қызметкерлерге қарым-қатынасына мұқият қарай бастаған. Егер басшының әрекеті компания қаражаты мен акционерлер мүддесіне әсер етсе, ол отбасылық мәселе деген шеңберден шығып кетеді.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Қазақстандағы корпоративтік секторда мұндай дауларды жиі естімейміз, бірақ мемлекеттік сектор «таңғалдырудан» жалықпайды. Шенеуніктердің жеке өмірі туралы оқиғалар жиі БАҚ бетіне жазылады, дегенмен қазақ қоғамының реакциясы батыспен салыстырғанда мүлде басқа болады.
Мәселен, былтыр Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға қатысты БАҚ-та ірі жанжал болды. Облыс мәслихатының бұрынғы депутаты Ынташ Наурызова заңсыз некеден бала туғанын, оның әкесі облыс әкімі екенін айтты. Біразға дейін Қилыбай мойындамай, жалтарып жүрді. ДНҚ сараптамасы дәлелдегеннен кейін ғана сот оны алимент төлеуге міндеттеді. Кейін облыс әкімінің өзі ұлын мойындады. Әлбетте, журналистер алдында ол жеке өмірі екенін айтып, әңгімені ұзаққа апармады.
Жеке өмірі екені де рас, бірақ қосымша сұрақтар да туындайды. Облыс әкімі мен мәслихат депутаты арасындағы жеке байланыс олардың қызметтік қарым-қатынасына әсер етті ме? Депутаттың әкімге қатысты қандай да бір шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі болды ма? Бірақ бұл сұрақтардың жауабын білу қиын. Әкімге қатысты ешқандай этикалық іс қозғалған жоқ, Нұрдәуле Қилыбай әлі де облыс әкімі лауазымында.
Дәл осындай жағдай мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимерген арасында болды. Шақимерген депутаттан некесіз бала туғанын, оның үйленемін деп уәде беріп, артынан алдап кеткенін жазды. Қырықбаев созбаққа салмай, ұлы екенін мойындаған.

Алайда бұл оқиға да бірнеше сұрақ туындатады. Депутаттардың жеке қарым-қатынасы олардың қызметтік шешімдеріне немесе саяси мүдделеріне әсер етті ме? Лауазымдық мүмкіндіктерін бір-біріне артықшылық жасау үшін пайдаланған жоқ па? Жалпы, депутаттың жеке өміріндегі осындай оқиғалар оның қоғамдық жауапкершілігі мен қызметтік беделіне әсер етуі керек пе? Бұл сұрақтарға Қырықбаев жауап беруден бас тартқан. Ол мүше болған «Аманат» партиясы да еш мәлімдеме жасамады.
Байқағанымыздай, батыста басшының махаббат хикаясы емес, сол байланыстың мүдделер қақтығысына әкелуі және қоғам мен акционерлерді алдауы кешірілмейтін күнә саналады. Ал бізде мұндай оқиғалар көбіне «ер азаматтың жеке шаруасы» немесе «отбасылық кикілжің» деңгейінде қалып қояды.