«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары пара алу ісі бойынша ұсталды

Астанада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев пара алу ісі бойынша ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Мedia. Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
«2026 жылғы 11 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиевті және өзге де тұлғаларды ұстады», – делінген ҰҚК таратқан ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
Айта кетерлігі, Елжас Отыншиевтің аталған қызметте небәрі 4 ай ғана жұмыс істеген. Ол 2026 жылдың 20 шілдесінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының төрағасы болып тағайындалған еді.
Ал «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бұл қызметке 2023 жылдың сәуірінде келген.
Еске сала кетейік, бүгін әлеуметтік желіде «аспаннан шашылған ақша» мен полиция қызметкерлерінің кадрлары тараған еді. БАҚ-тың алдын ала мәліметінше, квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлері ұсталған.
Оқиға Есіл ауданындағы Atlant-6 тұрғын үй кешенінде болған. Полицияға тұрғын үй кешенінің пандусында 8 чемодан мен доллар жатқаны туралы хабарлама түскен.