Қазақстандықтардың көбі қай салада жұмыс істеп жатыр

Елде 2026 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы келтірді, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.
Ведомствоның мәліметінше, елдегі жұмыс күшінің саны 9 млн 849 мың адамға жетті. Оның ішінде 9 млн 403,4 мың адам экономиканың түрлі салаларында жұмыспен қамтылған.
Жұмыс істейтін қазақстандықтардың көбісі – жалдамалы қызметкерлер. Олардың саны 7 млн 247,7 мың адамды немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 77,1%-ын құрады. Тағы 2 млн 155,7 мың адам (22,9%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. 15 жастан асқан халық арасындағы жұмыспен қамту деңгейі 64,3% болды.
Қазақстандықтардың көбі қай салада жұмыс істеп жатыр?
2026 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 73,3 мың адамға артты. Негізгі өсімді жалдамалы жұмыскерлер қамтамасыз етті.
Жұмыспен қамтылған халықтың ең көп бөлігі сауда (16,8%) және білім беру (13,3%) салаларында еңбек етеді. Сондай-ақ өнеркәсіп секторына – 12,6%, ал ауыл шаруашылығына 10,5% үлес тиесілі.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі
Статистикаға сәйкес, 15 пен 34 жас аралығында жас қазақстандықтар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9%-ды құрады. Сонымен қатар NEET санатындағы жастардың, яғни жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіптік даярлықтан өтпейтін азаматтардың үлесі 5,6%-ға жетті.
2026 жылы қанша адам жұмыссыз қалды
2026 жылғы қыркүйектің соңындағы жағдай бойынша Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 346,9 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Олардың үлесі жалпы жұмыс күшінің 3,5%-ын құрады.