Ауызсуды көп пайдаланатын көлік жуу орындары тексеріледі

Елдегі көлік жуу орындарында ауызсуды пайдалану тәртібіне бақылау күшейтіліп, оны техникалық мақсатқа жұмсағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов мәлімдеді.
Автожуу орындары суды қайта өңдеуі керек
Вице-министрдің айтуынша, министрлік бассейндік су инспекцияларымен және сумен жабдықтау ұйымдарымен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар еліміздегі көлік жуу орындарының саны нақтыланып, олардың су заңнамасының талаптарын сақтауына бақылау жасалуда.
Бұл ретте суды қайта пайдалану жүйелеріне ерекше назар аударылып отыр. Мұндай жабдықтар пайдаланылған суды тазартып, оны техникалық қажеттіліктерге қайта қолдануға мүмкіндік береді.
Жандос Сәлімов мұндай жүйелерді орнату міндеті Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығында бұрыннан қарастырылғанын еске салды.
Жауапкершілік қатаңдатылуы мүмкін
Ендігі кезекте заңнамаға қосымша өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Бұл түзетулер техникалық мақсатта ауызсу пайдаланатын кәсіпорындарға бақылауды күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
«Мұндай заңды тұлғаларға бақылауды күшейту, сондай-ақ олардың жауапкершілігін арттыру үшін заңнамалық актілерге қосымша өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіледі», – деді вице-министр.
Брифинг барысында жаңа айыппұлдардың нақты мөлшері мен қосымша шаралардың қашан енгізілетіні айтылған жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы жолдауында елдегі су рерустарын үнемдеу мәселесіне назар аударған.