Ақшаны балконнан лақтырған адамға қандай жаза берілуі мүмкін

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевке қатысты сыбайлас жемқорлық ісінде жаңа дерек пайда болды. Ресми расталмаған ақпарат бойынша, балконнан ақша салынған чемоданды күдіктілердің бірінің әйелі лақтырған болуы мүмкін.
Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, іс материалдарында шамамен 6 млн доллар туралы сөз болып отыр. Әйел адам полиция есік қаққан кезде ақша салынған чемоданды балконнан лақтырған көрінеді.
Егер бұл ақпарат расталса, ол қылмыстың ізін жасыруға тырысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы мүмкін. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 432-бабына сәйкес, ауыр немесе аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасыруға көмектескен адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алайда осы бапқа қатысты ескертуде күдіктінің жұбайы немесе жақын туысы мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны жазылған.
Яғни егер ақшаны шынымен күдіктінің әйелі лақтырғаны анықталса, ол осы заң нормасына сәйкес жазадан босатылуы ықтимал. Дегенмен ақшаны кім лақтырғаны әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Егер ақшаны басқа адам лақтырса, не болады?
Егер чемоданды күдіктінің әйелі емес, көмекшісі, жүргізушісі, күзетшісі немесе басқа танысы лақтырғаны анықталса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда 432-бап бойынша 6 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бұл 2026 жылғы есеппен 25,9 млн теңгеден асады. Сондай-ақ түзету жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе алты жылға дейін түрмеге қамау жазасы қарастырылған.
Еске салайық, 2026 жылғы 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев пен «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповты ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
Оқи отырыңыз: