ШҚО-да мемлекеттік бағдарламаға 4,6 млн теңге заңсыз бөлінген

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында «Күміс жас» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде заң бұзу дерегі анықталды. Прокуратураның қадағалау актісінен кейін бюджетке 4,6 млн теңге қайтарылды, деп хабарлайды Kursiv.Мedia.
Алтай ауданының прокуратурасы 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламаның жүзеге асырылуын тексерген. Тексеру барысында жұмыс беруші қызметкерлердің нақты жұмыспен қамтылуы туралы жалған мәліметтер ұсынғаны белгілі болды.
Атап айтқанда, кейбір қызметкерлер жұмыс орнында болмағанына, тіпті аудан аумағынан тыс жерлерге кеткеніне қарамастан, жұмыс уақытын есепке алу табельдерінде толық жұмыс күні көрсетілген.
Жұмыс берушіге қызметкерлердің жалақысының 60-70%-ын өтеуге арналған мемлекеттік субсидиялар аударылған.
Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 4,6 млн теңгені құрады. Прокурорлық қадағалау актісінен кейін субсидиялар қайта есептеліп, бюджет қаражаты мемлекет кірісіне толық көлемде қайтарылды.
Тағы да оқыңыз: Мұнай құбырларындағы заң бұзу: бюджетке 3,3 млрд теңге қайтарылды