Дженсен Хуанг Nvidia басшысы қызметінен кетті

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Дженсен Хуанг Nvidia басшысы қызметінен кетті / Фото: youtube.com/@CBSSundayMorning, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Nvidia компаниясының негізін қалаушылардың бірі Дженсен Хуанг президент, бас директор және директорлар кеңесінің мүшесі қызметінен отставкаға кетті, деп хабарлайды Kursiv Media.

Компания 12 қарашада таратқан ресми хабарламаға сәйкес, бұл шешім бірден күшіне енді. Бұл жаңалықтан кейін АҚШ-тағы негізгі сауда сессиясы басталғанға дейін Nvidia акциялары шамамен 10%-ға арзандады.

Бас директордың міндетін уақытша атқарушы болып вице-президент әрі қаржы директоры Колетт Кресс тағайындалды. Директорлар кеңесі тұрақты басшыны ішкі және сыртқы үміткерлер арасынан іздестіруді бастады. Сонымен қатар, компания тарихында алғаш рет директорлар кеңесінің төрағасы лауазымы енгізіліп, бұл орынға бұрын Synopsys-ті басқарған Харви Джонс келді.

Компания басшылықтың ауысу себебін нақтылаған жоқ, ал тоқсандық есеп жоспарланғандай 17 қарашада жарияланады. Дегенмен, бұл отставка 8 қарашада басталған тәуелсіз тергеу аясында орын алып отыр: директорлар кеңесі Хуангтың шетелдік барлау операциясының нысанасына айналуы мүмкін деген ақпаратты тексеруде. Бұған дейін кеңес АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне немесе компания құпияларына нұқсан келгені туралы негіз жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Қазан айының соңында Хуангтың Элис есімді әйелмен жақын қарым-қатынасы бары туралы ақпарат шыққан еді. Ол Nvidia чиптерін ірі көлемде сатып алатын сингапурлық Megaspeed компаниясымен байланысты. 

АҚШ арнайы қызметтері Элисті Қытайға ақпарат берді деген күдікпен тексеріп жатқаны хабарланған.

Бұған дейін Дженсен Хуанг қызметкерлеріне жазған хатында әйеліне опасыздық жасағанын мойындаған. 

Сондай-ақ оқыңыз