Қайрат Боранбаев УЕФА-ның 2027 жылы қаржыландыратын жобаларын іріктеуге қатысты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: Kristian Skeie – UEFA

Қазақстандық кәсіпкер, «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев УЕФА Балалар қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты. Жиында 2027 жылы қаржыландырылатын халықаралық жобалар қаралды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында УЕФА кеңсесінде өткен дәстүрлі күзгі отырыс туралы жазды. Оның айтуынша, жиынға УЕФА президенті Александер Чеферин және қордың Қамқоршылық кеңесінің мүшелері қатысқан.

«УЕФА президенті Александер Чеферинмен және қор мүшелерімен бірге келесі жылы қаржыландырылатын жобаларды іріктедік. Кеңес деңгейінде біз жүйелі бастамаларға арналған гранттарды бекітеміз», – деп жазды Боранбаев.

Оның мәліметінше, қордың қолдауына ие болатын бастамалар қатарында дамушы өңірлерде спорт инфрақұрылымын салу, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және футбол арқылы балалардың қоғамға бейімделуіне көмектесетін халықаралық ұйымдарды қаржыландыру бар.

Боранбаев 2017 жылдан бері UEFA Foundation for Children – УЕФА Балалар қорының Қамқоршылық кеңесінде жұмыс істейтінін атап өтті.

«Осындай жоғары деңгейде Қазақстанның атынан өкілдік ету – мен үшін үлкен мәртебе әрі айрықша жауапкершілік. Бұл жұмыс елімізде атқарып жүрген істеріміздің заңды жалғасына айналды», – деді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысу әлемдік спорт жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінуге, озық тәжірибелерді үйренуге және Қазақстан спортын халықаралық үдерістерге кіріктіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол футболдың міндеті тек ірі турнирлер өткізу мен спорттық жетістіктерге жету емес екенін айтты.

«Мен үшін UEFA Foundation аясындағы жұмыстың мәні – ең бастысы, үлкен спорт балаларға өз қабілетін көрсетуге және өмірін өзгертуге мүмкіндік беруі керек», – деп түйіндеді Боранбаев.

Айта кетейік, UEFA Foundation for Children – футбол арқылы балалардың құқықтарын қорғауға, білім алуына, денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне бағытталған жобаларды қолдайтын қайырымдылық ұйымы.

Бұған дейін, Қайрат Боранбаев Лондонда «Алтын доп» табыстау рәсіміне қатысқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз