Үкімет 10 күнде президентке жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұсыныс беруі керек

Тоқаев Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады, деп жазады Kursiv.Media.
Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту жөнінде ұсыныс беруді тапсырғанын ескертті.
«Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін», – деді ол.
«Кейбір келісімдер қате»
Тоқаев соңғы кездегі кейбір келісімдердің қате болғанын да айтты.
«Соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарадық. Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған», – деп жалғады президент.
Бірақ нақты қандай келісімшарттар екені белгісіз. Сондай-ақ кейбір нысандардың, соның ішінде жолдардың қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге себеп бар екенін айтып өтті. «Самұрық-Қазына» мен Қазақстан теміржолының қазіргі жұмысын да тілге тиек етті.
«Жағдай қаншалықты күрделі болса да «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре береді. Мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекемелер қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті Тоқаев.
Еске салайық, 12 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
Кейінірек «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты түсініктеме берді. Қор өкілдері құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: «Аспаннан доллар жауған күн»: Жақыпов пен Отыншиевті не байланыстырады