Алматыда автобусқа шаңғы мен сноуборд алып кіруге бола ма

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: ЖИ арқылы жасалды

Қыс мезгілінің басталуына байланысты «Алматыэлектротранс» компаниясы қоғамдық көлікте шаңғы, сноуборд, шана және басқа да спорттық жабдықтарды тасымалдау ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды Kursiv Media.

Компанияның мәліметінше, Қазақстанда автобус, троллейбус және басқа да қалалық қоғамдық көліктерде спорттық жабдықтарды тасымалдау қол жүгін алып жүру нормалары мен тасымалдаушылардың ішкі ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Қолданыстағы үлгілік ережелер бойынша қоғамдық көлік салонында өлшемі 60×40×20 сантиметрден, ал салмағы 20 келіден аспайтын қол жүгін тегін алып жүруге болады.

Бұл талаптарға сай келетін доп, шағын ракетка, ролик және фитнеске арналған басқа да жабдықтарды қосымша ақысыз тасымалдауға рұқсат етіледі.

Шаңғы мен сноубордты қалай тасымалдауға болады?

«Алматыэлектротранс» мәліметінше, шаңғы мен сноуборд сияқты көлемді спорттық жабдықтарды қоғамдық көлікке арнайы қаппен алып кіруге болады. Алайда олар жолаушылардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеуі және есіктер мен өткелдерді жаппауы тиіс.

Сондай-ақ спорттық жабдықтар басқа жолаушылардың киімін немесе көлік салонын ластамауы, адамдардың жарақат алуына қауіп төндірмеуі керек.

Велосипед пен электрсамокатқа қатысты талаптар

Компания Қазақстандағы қалалық автобустарда велосипед тасымалдауға жалпы тыйым жоқ екенін түсіндірді. Дегенмен оны салонға алып кіру мүмкіндігі автобустың қаншалықты толы екеніне байланысты.

Велосипед жолаушыларға кедергі келтірмеуі және салондағы өткелдерді жаппауы қажет. Электрсамокаттар мен басқа да көлемді жабдықтарды тасымалдағанда да қауіпсіздік талаптары ескерілуі тиіс.

Жолаушыларға қандай кеңес берілді?

«Алматыэлектротранс» тұрғындарға шаңғы, сноуборд және велосипедтерді арнайы қаппен тасымалдауға кеңес береді. Сондай-ақ көлемді спорттық жабдықтармен қоғамдық көлікке таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта мінбеген жөн.

Компанияның түсіндіруінше, басты талап – спорттық жабдықтарды тасымалдау кезінде өзге жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету.

Сондай-ақ оқыңыз