«Росатом» Қазақстанда АЭС салатын бас мердігер мен серіктестерін анықтады

«Росатом» мемлекеттік корпорациясы Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылы маңында (Балқаш көлінің жағасында) салынатын алғашқы атом электр станциясының (АЭС) бас мердігерін белгіледі, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Түркияның Анталья қаласында өткен Дүниежүзілік атом күндерінде журналистерге сұхбат берген «Росатымның» бас директоры Алексей Лихачев жобаның қазіргі барысына тоқталды.
«Біздің міндетіміз – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа уәде еткеніміздей, келесі жылы құрылыс алаңына шығып, ауқымды жұмыстарды бастау. Қазірдің өзінде Қазақстан тарапынан жұмыс істейтін бас мердігер, негізгі жеткізуші және консорциумның халықаралық қатысушылары анықталды. Екінші кезеңнің келісімшарттарын рәсімдеу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр», – деді ол.
Алайда «Росатом» басшысы нақты қай компаниялардың таңдалғанын ашып айтпады.
Оның сөзінше, құрылысқа дайындық жұмыстары жалғасуда. Алаңдағы іздестіру және кемінде 12 айға созылатын бақылау жұмыстары аяқталуға жақын, алынған деректер жобаға енгізілуде. Техникалық жобаны әзірлеу және келісімшартты толық аяқтау шаралары қолға алынған.
Лихачев Балқаштағы АЭС құрылысы келісімшартының негізгі параметрлері Ресейдің Владивосток қаласында бекітілгенін, ал кейбір қосымшалары техникалық тексеруді қажет ететінін жеткізді. Сондай-ақ ол «нөлдік кезең» жұмыстары біткен соң, Үлкен ауылындағы АЭС құрылысының ресми басталу рәсіміне қазақстандық журналистерді шақыруға уәде берді.