Алматыда діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен ер адам ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: polisia.kz

Алматыда діни экстремизмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазады.

ІІМ мәліметінше, күдікті 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды діни идеяларды таратумен айналысқан. Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарды басқарып, онлайн дәрістер өткізген және өз жақтастарына идеологиялық ықпал еткен. Құқық қорғау органдары оның интернеттегі әрекеттерін ұзақ уақыт бақылап жүрген. Бұған дейін күдіктінің бірқатар аудиодәрісі сот шешімімен терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар экстремистік материалдар деп танылған.

Тергеу барысында ер адамның шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны да анықталған. Ол өз жақтастары арасындағы беделін пайдаланып, 2024–2025 жылдары олардан 60 миллион теңгеден астам қаражат жинаған.

11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті Алматыда ұсталды. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни кітаптар мен қолжазбалар тәркіленген.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ қызметкерлері оның заңға қайшы әрекеттерінің мән-жайын анықтап, ықтимал сыбайластары мен іске қатысы бар басқа адамдарды іздестіріп жатыр.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ оқыңыз