Қазақстанда тағы бір жол ақылы болды

Бүгін, 15 қарашадан бастап «Ақтөбе – Қандыағаш» тасжолының 89 шақырымы ақылы жүйеге қосылды. Бұл бөлік бұрыннан ақылы болған «Қандыағаш – Мақат» жолына енгізіліп, ақылы учаскенің жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.
Компания мәліметінше, жолдың 11-шақырымынан 87,2-шақырымына дейін барлық көлік түрінен ақы алынады. Ал қалған бөлігінде төлем тек автобустар мен жүк көліктеріне қатысты. Жеңіл автокөліктер бұл учаскеде тегін жүре алады.
Жеңіл көлік жүргізушілері ақылы бөлікті бір бағытта жүріп өткені үшін алдын ала төлеген жағдайда шамамен 240 теңге төлейді. Ал жолдан өткеннен кейін төлем жасалса, сома 276 теңгеге дейін өседі.
Жолақыны қалай төлеуге болады?
«ҚазАвтоЖол» жол ақысын алдын ала төлеу тиімді екенін ескертеді. Ол үшін жүргізушілер көліктің жеке шотын kaztoll.kz сайты, банк қосымшалары немесе басқа ресми төлем сервистері арқылы толықтыра алады.
Жол бойына орнатылған 10 бақылау аркасы көліктің мемлекеттік нөмірін автоматты түрде анықтап, жүріп өткен жолы үшін төлем есептейді.
Сонымен қатар ақылы жолға іргелес елді мекендер мен аудандарда тіркелген көлік иелеріне жеңілдетілген абонементтер қарастырылған. Жеңіл автокөліктер үшін жылдық абонемент құны – 1 АЕК, яғни 4 325 теңге.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге сапар алдында жеке шоттағы қаражатты тексеріп, жолақыны алдын ала төлеуге кеңес береді. Тарифтер мен төлем тәртібі туралы толық ақпаратты kaztoll.kz сайтынан немесе 1403 нөмірі арқылы білуге болады.
Тағы да оқыңыз: 2026 жылы ақылы жолдардан 105 млрд теңге түсуі мүмкін