Электр көлігін қуаттау станцияларына жаңа талап енгізіледі

1 желтоқсаннан бастап Қазақстандағы электр көлігін қуаттау станцияларында электр энергиясын есептейтін өлшеу құралдары мемлекеттік метрологиялық бақылауға алынады. Енді станциялардағы есептеу жүйелері арнайы тексеруден өтіп, тіркеуге алынуы керек. Бұл туралы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айжан Бижанова депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрлік жаңа талап тұтынушылардың нақты алған электр энергиясы үшін ғана ақы төлеуін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Яғни зарядтау станциясы көрсеткен электр энергиясының көлемі дәл өлшенуі тиіс.
Зарядтау станцияларына қандай талап қойылады?
2026 жылғы 25 қыркүйектегі №272-НҚ бұйрыққа сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап электромобильдерді қуаттау кезінде қолданылатын өлшеу құралдары мемлекеттік метрологиялық реттеу саласына енгізіледі.
Осыған байланысты қуаттау станцияларындағы есептеу жүйелері типті бекітуден немесе метрологиялық аттестаттаудан өтуі, мемлекеттік тізілімге тіркелуі және белгіленген мерзімде салыстырып тексерілуі қажет.
Министрлік электр энергиясын есептеудің ерекшелігін де түсіндірді. Зарядтау кезінде станция кернеу мен ток күшін үздіксіз өлшеп, берілген энергия көлемін жинақтайды. Соның нәтижесінде тұтынушыға көрсетілетін қорытынды көрсеткіш киловатт-сағатпен есептеледі.
«Сондықтан бақылаудың негізгі нысаны – дәл осы қорытынды нәтиженің сенімділігі», – делінген министрдің жауабында.
Бұл талаптар зарядтау жылдамдығын міндеттемейді және операторға электромобильдің техникалық мүмкіндіктері үшін жауапкершілік жүктемейді. Ал қуаттау уақыты қызмет құнына әсер еткен жағдайда ғана бақыланады. Мысалы, минутына ақы алынғанда немесе зарядтау аяқталғаннан кейінгі кідіріс үшін төлем қарастырылса, уақыт көрсеткіші де тексеріледі.
Тексеруге қанша қаражат жұмсалады?
Депутаттар сауалында аталған шамамен 2 млн теңге шығынға қатысты министрлік бұл соманың әрбір зарядтау станциясын тексеруге қатысы жоқ екенін түсіндірді.
Ведомство мәліметінше, бұл қаражат белгілі бір типтегі немесе партиядағы өлшеу құралдарын сынау мен бекітуге жұмсалатын бастапқы рәсімнің құны болуы мүмкін. Ал жекелеген станцияларды бастапқы және мерзімдік салыстырып тексеру – бөлек рәсімдер.
Сонымен қатар мұндай тексерулерді станцияны бөлшектемей, оны пайдалану орнында жүргізуге болады. Бұл үшін операторға қосымша жабдық сатып алудың қажеті жоқ.
Министрлік салыстырып тексеру жұмыстарын тиісті аккредиттеу саласы бар зертханалар жүргізе алатынын атап өтті. Станция операторы қызмет көрсетушіні өзі таңдайды, ал жұмыс құны мен шарттары келісім негізінде белгіленеді.
«Метрологиялық бақылау тұтынушымен адал есеп айырысуды қамтамасыз етуі тиіс, бірақ зарядтау инфрақұрылымын дамыту үшін артық кедергіге айналмауы керек», – деп атап өтті министрлік.
Ведомство жаңа талаптарды қолдану кезінде тұтынушылардың мүддесі мен электр көлігі инфрақұрылымын дамыту арасындағы тепе-теңдікті сақтауды көздеп отыр.
Тағы да оқыңыз: Елде электрокөліктерді қуаттау бағасы қымбаттауы мүмкін