Көлік министрі автобуста балалар арбасын тасымалдау ережесін өзгертпек

Көлік министрі Әсел Жанасова қоғамдық көлікте балалар арбасын алып жүру ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылдады. Министр бұл арқылы балалар арбасын автобусқа алып кіру тәртібіне қатысты түсінбеушіліктерді болдырмауға бағытталғанын айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Ешкім ата-ананы кішкентай баласымен жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды. Көлік министрі ретінде қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды. Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескере отырып, екіұшты түсіндіруге жол бермеу, сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті ережелерді қайта қарау туралы шешім қабылдадым», – деп жазды Әсел Жанасова.
Бұған дейін Көлік министрлігі қолданыстағы жолаушыларды тасымалдау қағидалары ата-аналарға балалар арбасымен автобусқа мінуге тыйым салмайтынын түсіндірген еді. Алайда ведомство хабарламасында автобус толы болған жағдайда, ата-анаға отыруға орын табылса, арбаны бүктеп алып жүру қарастырылғаны айтылған. Сонымен қатар арба салондағы өзге жолаушылардың қозғалысына кедергі келтірмеуі керек.
Министрлік арбаны бүктеуден бас тартқаны үшін айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе басқа да жаза қолдану қарастырылмағанын атап өтті.
Тағы да оқыңыз: Алматыда автобусқа шаңғы мен сноуборд алып кіруге бола ма