Прагада тәуелсіз БАҚ-ты қолдаған 450 мыңға жуық адам митингіге шықты

15 қарашада Чехия астанасы Прагадағы Летна саябағына жүздеген мың адам жиналды. Олар үкіметтің қоғамдық телеарна мен радионы қаржыландыру тәртібін өзгерту жоспарына қарсы шықты деп жазады Reuters.
Митинг ұйымдастырушыларының мәліметінше, акцияға 350-450 мың адам қатысқан. Егер көрсеткіш расталса, онда митинг 1989 жылғы «Барқыт революциясынан» кейінгі Чехиядағы ең ірі наразылық акциясы болуы мүмкін.
Үкіметтің бастамасы
Қазір Чехияның қоғамдық телеарнасы мен радиосы жеке тұлғалар мен компаниялардан жиналатын төлемдер есебінен қаржыландырылады. Ал үкімет бұл жүйені өзгертіп, БАҚ-ты мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды ұсынған. Әрі бөлінетін қаражатты шамамен 15%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Бірақ көпшілік бұл реформаға қарсы шығып отыр. Олар мұндай өзгерістен кейін билік редакциялардың жұмысына араласып, олардың тәуелсіздігіне ықпал ете алады деп қауіптенеді.
Қоғамдық телеарна мен радио өкілдерінің пікірінше, бюджет қысқарса, Чехия телеарнасының қаржыландыру көлемі 2008 жылғы, ал радионың бюджеті 2005 жылғы деңгейге дейін төмендеуі мүмкін. Өз кезегінде кейбір бағдарламалар жабылып, өндіріс көлемінің қысқаруы ықтимал.
«БАҚ-қа тиіспеңдер» деп аталған акцияны «Демократия үшін миллион сәт» қозғалысы ұйымдастырды. Олар үкіметтен заң жобасын қайтарып алуды, азаматтардан кешірім сұрауды және реформаны тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен ашық талқылауды талап етті.
Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш наразылыққа қарамастан, үкіметтің жоспарынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Ол билік қоғамдық БАҚ-ты бақылауға алғысы келеді деген айыптауды жоққа шығарып, өзгерісті қаржыландыру жүйесін жаңарту шарасы деп түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Ресейдегі «Новая газета» басылымы 30 жылдан кейін жұмысын тоқтатты