Жыл басынан бері 159,5 тонна жанармай елден заңсыз шығарылмақ болған

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жыл басынан бері 159,5 тонна жанармай елден заңсыз шығарылмақ болған
Фото: pixabay

Жыл басынан бері республика бойынша қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі анықталды. Олардың жалпы көлемі 159,5 тоннаны құрады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

ІІМ дерегінше, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Жамбыл (386), Түркістан (119) және Қостанай (80) облыстарында тіркелді.

«Жүргізушілер ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Көліктерден заңсыз орнатылған бактар алынып тасталды», – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар 5 қазан мен 5 қараша аралығында республика бойынша «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шара барысында полицейлер 576 мыңнан астам тұрғын үй мен өзге де нысандарды тексерді. Көші-қон заңнамасын бұзудың 42 мыңға жуық дерегінің жолы кесілді. 9 мыңға жуық шетелдік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 100 мыңнан астам қару иесі тексерілді. 1,5 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, тіркелмеген 195 қару тәркіленді.

Вандализм мен заңсыз граффитилерге қарсы күрес

1 қыркүйектен бастап 26 мыңнан астам заңсыз жазу өшірілді. 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Вандализм және есірткі жарнамалайтын граффитилер үшін 7 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Профилактикалық жұмыстар да жүргізілуде. Азаматтармен 43 мыңнан астам кездесу ұйымдастырылып, 59 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды.

Жыл басынан бері 47 мыңнан астам рейд жүргізіліп, 1724 стихиялық қоқыс орны анықталып, 351 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1435 заңсыз қоқыс орны жойылды.

Айта кетейік, шетелдік ірі жүк көліктері мен жеңіл машиналардың Қазақстанға кіруіне шектеу қойылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз