Қазақстан шетелден тауық жұмыртқасын әкелуге екі айға тыйым салды

Қазақстанда жаңа піскен тауық жұмыртқасын елге әкелуге екі айға тыйым салынды. Шектеу Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен келетін өнімдерге қатысты, сонымен қатар көліктің барлық түріне қолданылады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Шектеу тауар номенклатурасында 040721 кодымен белгіленген балғын тауық жұмыртқаларына қатысты. Өнімді жөнелтуші елге және жеткізу тәсіліне қарамастан, оны ҚР аумағына әкелуге тыйым салынады.
Дегенмен шектеулер транзиттік тасымалдарға әсер етпейді. Қазақстан аумағы арқылы басқа елдерге өтетін, соның ішінде ЕАЭО-ның бір мемлекетінен екіншісіне республика аумағы арқылы тасымалданатын жұмыртқаларға ерекшелік қарастырылған.
Бұдан бөлек, шектеу басталғанға дейін экспортқа рәсімделген кейбір партияларға да рұқсат берілуі мүмкін. Алайда құжат мәтінінде оларды елге әкелу шарттары нақты жазылмаған.
Бұдан бөлек, тыйым бұйрық күшіне енгенге дейін Қазақстанға нақты жеткізіліп қойған тауық жұмыртқаларына қолданылмайды. Бұл мән-жайды растау үшін тауардың ел аумағына келгенін дәлелдейтін тауарға ілеспе жүкқұжатты ұсыну қажет.
Бұған дейін де Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанға шетелден жұмыртқа кіргізуге 6 айға тыйым салған еді. Министрліктің түсіндіруінше, бұл шараның мақсаты – отандық тауар өндірушілерді қолдау.