
16 қарашадан зейнетақы активтерін басқаруда консервативті, қалыпты және тәуекелді жоғары портфельдер енгізіліп, олардың шетел валютасындағы үлесі 40%, 70% және 80%-ға дейін белгіленді.
Бүгіннен бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (№ 155) зейнетақы активтерін басқару қағидаларына енгізген өзгерістері күшіне енді. Жаңа талаптар инвестициялық портфельді басқарушылардың жұмыс тетігін нақтылап, салымшылардың жинағын тәуекел деңгейі мен жас ерекшелігіне қарай әртараптандыруға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, зейнетақы портфельдері үш санатқа бөлінеді. Әрқайсысы үшін шетел валютасында номинацияланған қаржы құралдарына салынатын инвестицияның шекті мөлшері мен ең төменгі табыстылықты есептеу кезеңі бекітілді:
- Консервативті портфель: валюталық активтердің шекті үлесі 40%-дан аспауға тиіс. Бұл бағыт бойынша ең төменгі табыстылық 12 ай ішінде есептеледі.
- Қалыпты портфель: валюталық құралдардың үлесі 70%-ға дейін жетеді, ал табыстылықты есептеу көкжиегі 36 айды құрайды.
- Тәуекелі жоғары портфель: шетел валютасындағы активтерге 80%-ға дейін қаржы салуға рұқсат етілген. Мұнда ең төменгі табыстылық деңгейі 60 айлық кезең бойынша бағаланады.
Сонымен қатар реттеуші табысты арттыруға бағытталған портфельдерді таңдау үшін салымшылардың жасына қатысты нақты өлшемшарттар қойды. Атап айтқанда, қалыпты портфельді таңдау үшін азаматтың зейнет жасына жетуіне 3 жылдан аса, ал тәуекелі портфельге өту үшін 13 жылдан аса уақыт қалуы шарт.
Бұл зейнетке таяп қалған салымшылардың жинағын қысқамерзімді нарықтық ауытқулардан қорғауға мүмкіндік береді.
Жаңа қағида басқарушы компаниялардың жауапкершілігін де күшейтеді. Енді инвестициялық портфельді басқарушы әрбір портфель түріне бөлек инвестициялық декларация әзірлеуге міндетті және олар бойынша міндеттемелер дербес орындалады.
Егер басқарушы компания портфель қалыптастыруды тоқтату немесе сенімгерлік басқару шартын бұзу туралы шешім шығарса, бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ), қаржы реттеушісін және кастодиан-банкті кемінде бір күнтізбелік жыл бұрын хабардар етуі қажет.
Мұндай ескерту жасалған сәттен бастап БЖЗҚ активтерді сол басқарушыға аудару туралы жаңа өтініш қабылдауды тоқтатады.
Қыркүйекте азаматтарға зейнетақы жинағын 100 пайыз түгел жеке компанияларға аударуға рұқсат етілген. Бір айда қазақстандықтар 50 млрд теңгеден асатын зейнетақы жинағын инвестициялық портфелді басқарушы компанияларға аударып, ИПБ басқаратын зейнетақы активтері 200 млрд теңгеден асты.
Қазіргі кезде зейнетақы активтерін алты ИПБ басқарады: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ және «Tansar Capital» АҚ.