БАҚ-қа шектеу, жасөспірімдерге желіге тыйым: Құрылтай жаңа заң жобасын қарайды

Жасөспірімдерге ресми түрде әлеуметтік желі қолдануға тыйым салатын заң жобасы Құрылтай депутаттарының қарауына түсті. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен Бюро онлайн-платформа және масс-медиа туралы заң жобасын алдағы Құрылтай жиындарының күн тәрбіне енгізді.
Заң жобасы Президенттің онлайн-платформаларға зиянды контент таратқаны үшін жауапкершілік жүктеу және балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Атап айтқанда, түзетулерде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу, онлайн-платформалардың өкілдіктерін міндетті түрде есепке қою, білім беру курстарын әзірлеушілерге қойылатын талаптарды белгілеу және басқа да шаралар қарастырылған.
Онлайн-платформалар мен пайдаланушыларға қойылатын талаптар:
- 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салынады. Бұл шектеу мессенджерлерге қолданылмайды. Пайдаланушының жасын онлайн-платформалардың өзі тексеруге міндетті болады.
- Жазылушылары 5 мыңнан асатын ашық қауымдастықтардың әкімшілері мен пайдаланушыларына арналған арнайы тізілім жасалады. Олар жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді ұсынып, аккаунттарында тиісті ақпаратты көрсетуі керек.
- Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында балағат сөздер қолдануға тыйым салынады. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылыққа қатысты 434-бабына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.
ZTB редакциясы ұжатта БАҚ жұмысына қатысты да бірқатар жаңа өзгерістер бар екенін де жазады:
- Редакциялар өз материалдарында мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын пайдаланса, олардың ресми жауап екенін арнайы белгілеуі керек.
- Адамның келісімінсіз оның суретін жариялау тәртібі нақтыланады. Адамның қызметіне немесе көпшілік алдындағы жұмысына қатысты фотоларды келісімсіз пайдалануға рұқсат беріледі. Ал жеке және отбасылық өміріне қатысты суреттерге бұл ерекшелік қолданылмайды.
- БАҚ атаулары мен интернет-басылымдардың домендерінде балағат немесе қорлайтын сөздерді қолдануға тыйым салынады. Сонымен қатар редакциялар өздерінің онлайн-платформалардағы аккаунттарын көрсетуге міндеттеледі.
- Егер біреу туралы ар-намысына тиетін жалған ақпарат жарияланса, редакция оны бастапқы ақпарат шыққан аккаунтта немесе ашық қауымдастықта теріске шығаруы керек.
- Білім беру курстарын әзірлеушілер өздерінің бейіндік білімі, дипломы немесе сертификаты туралы мәлімет көрсетуге міндетті болады.
- Бал ашу, астрология, сиқыршылық, экстрасенсорика және таро сияқты қызметтер туралы материалдарға олардың тек ойын-сауық мақсатында ұсынылатыны, ғылыми немесе практикалық тұрғыдан дәлелденбегені туралы ескерту қосылуы керек.
Депутаттар заң жобасын үш оқылымда қарап, соңғы шешім қабылдайды. Егер құжат мақұлданса, Президенттің қол қоюына жіберіледі.
Оқи отырыңыз: