Кассациялық сот 12 адамды ақтап шықты: жүйеде тағы қандай өзгеріс болады

Жыл басынан бері кассациялық сотта 2 235 адамға қатысты 1 682 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде 466 іс бойынша сот актілерінің күші жойылды немесе өзгертілді.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың хабарлауынша, он айда сот 12 айыптау үкімінің күшін жойып, оларға қатысты осы істер бойынша іс жүргізуді тоқтатты. Бұл істерде сотталғандарды ақтауға негіз болатын жайттар анықталған.
Одан бөлек 2027 жылдың шілдесінен бастап кассациялық сатыда қаралатын істер тізімі кеңейеді. Азаматтар қазіргіге қарағанда ауырлығы төмен қылмыстық істер бойынша да кассациялық шағым түсіру мүмкіндігіне ие болады.
Қылмыстық-процестік кодекстің 484-бабына енгізілген өзгерістер 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Ол жерде қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер де қамтылатыны көрсетілген.
Қылмыстық теріс қылықтарға не жатады?
Қылмыстық теріс қылық – қоғамға аса қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қатерін туғызған әрекет. Мұндай әрекет үшін азаматқа айыппұл салу, түзеу жұмыстарына жіберу, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстаннан тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жаза көзделген.
Еуразия бірінші арнасына берген сұхбатында судья Азамат Тілепов қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстардың саны онша көп емес екенін айтқан.
«Әдетте, бұл санаттағы істер бойынша бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды. Сондықтан азаматтар мұндай істерге қатысты сот шешімдеріне сирек шағымданады», – деген судья.
Кассациялық соттар құрылды
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде үш жаңа кассациялық сот құрылады. Олар Астана қаласында орналасады және бірінші сатыда, апелляциялық сатыда шыққан үкім не шешімдерді қарайды.
Осылайша азаматтардың сот үкіміне шағымы сотқа түскен күннен бастап 6 ай ішінде қаралады.