Полиция есебінде 5 мыңнан астам жасөспірім тұр – Сүлейменова

Жарияланды
полиция
Қанша бала полиция есебінде тұр / Фото: polisia.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында полицияның есебінде тұрған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға тәлімгер бекіту жоспарланған. Қазір мұндай отбасыларда 11 мыңнан астам бала бар. Бұл мәселе құрылтайдағы үкімет сағатында көтерілді, деп жазады Kursiv.Media.

Жиында депутат Екатерина Смолякова аталған отбасыларда балалардың құқықтары бұзылу қаупі жоғары екенін айтты. Оның мәліметінше, елдегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының 1,5%-ы, ал суицид жағдайларының 2%-ы осындай отбасыларда тіркеледі.

Осыған байланысты тұжырымдамада мұндай отбасылардағы балаларға қосымша қолдау көрсету және оларға ерекше назар аудару үшін тәлімгер бекіту қарастырылған.

Алайда депутат оқу-ағарту министрлігінің есептерінде нысаналы топтардың аражігі шатастырылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, тәлімгерлік тек құқық бұзу  жасаған кәмелетке толмағандарға ғана бекітілген. Ал қиын отбасылық жағдайда өмір сүріп жатқан балалар – тәуекел факторлары бөлек басқа санат.

Депутат министрліктен осындай отбасылардағы балалармен жұмысты қашан бастайтынын және тәлімгерлердің нақты көмегін қалай бақылайтынын сұрады. Сондай-ақ мониторинг нәтижесінде құқық бұзу  жасаған жасөспірімдердің 30%-ы өздеріне тәлімгер бекітілгенін білмейтінін жеткізді.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова министрлік бұл екі санатты бөліп қарастыратынын айтты. Қазір полиция есебінде тұрған 5 500 кәмелетке толмаған бар. Ал әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны 3,3 мыңға жеткен.

«Бұл бағыттағы жұмысты өңірлік балалардың құқықтарын қорғау басқармалары үйлестіреді. Сонымен қатар әкім орынбасарлары басқаратын кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялар бақылау жүргізіп, есеп береді. Министрлік биыл Жамбыл, Атырау, Жетісу және Қызылорда облыстарында көшпелі отырыстар өткізген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деді Сүлейменова. 

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, тәлімгерлерді іріктеу және балалармен жеке жұмыс жүргізу тәртібіне қатысты бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірлеген. Ведомство бұл мәселені бақылауда ұстап отыр.

Оқи отырыңыз: Балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық бойынша 135 балабақшаның басшысы жазаланды

Сондай-ақ оқыңыз