-18 градусқа дейін аяз және жел: елде ауа райы күрт бұзылады

«Қазгидромет» РМК 17, 18 және 19 қарашаға ауа райы болжамын жариялады. Оған сәйкес алдағы күндері елде ауа райы күрт нашарлайды.
«Кең ауқымды жоғары қысым аймағы еліміздің шығысына қарай жылжиды. Оның әсерінен Қазақстанның шығысында, оңтүстігінде және орталығында жауын-шашынсыз ауа райы басым болады. Алайда антициклонның орнын солтүстік циклонның терең жырасы басып, алдағы күндері ауа райы жағдайын нашарлатады», – делінген хабарламада.
Алдымен елдің батысында, кейін солтүстік-батысы мен солтүстігінде жаңбыр және қар аралас жауын-шашын жауады. Көктайғақ болады. Республика бойынша жел күшейеді. Солтүстік өңірлерде және оңтүстік облыстардың таулы аудандарында түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман күтіледі.
Түнгі уақытта елдің барлық өңірінде ауа температурасы нөлден төмен болады. Қазақстанның орталығында, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінің таулы аудандарында ауа температурасы −13…−18°С-қа дейін төмендейді.
Күндіз ауа температурасы еліміздің батысы мен шығысында +5…+10°С-қа дейін, оңтүстік-батысында +10…+15°С-қа дейін, оңтүстігінде +10…+20°С-қа дейін, оңтүстік-шығысында +10…+18°С-қа дейін көтеріледі. Ал солтүстік және орталық өңірлерде ауа температурасы −1…+4°С шамасында болады.