Исматулла Мақсұм кейсі: елде қанша медресе бар және олар кімдерді оқытады 

Жарияланды
Әбу Ханифа медресе колледжінің түлектері
фото: Мүфтият

Құрылтайда өткен брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда 9 медресе жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, еліміздегі медреселерде исламтану, хадистану және теология мамандықтары бойынша білім беріледі. Алайда мәдениет және ақпарат министрлігі осы мамандықтарды даярлау қажеттілігіне қайта баға беріп, исламтану бағытын мамандықтардың жалпы классификаторынан алып тастауды ұсынған.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі хадистану және теология бағыттары бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейінде мамандар даярлаудың қажеттілігі жоқ деген ұстанымға сүйене отырып, исламтану мамандығын жалпы классификатордан алып тастауды ұсынды. Бұл мәселе биыл тамызда өткен ведомствоаралық комиссия отырысында көтерілді. Мәселе өте өзекті», – деді министр.

Оның сөзінше, медреселердің қызметіне қатысты мәселелер бір ғана ведомствоның құзыретіне жатпайды. Сондықтан бұл бағыттағы жағдайға қатысты қосымша ақпарат беріледі.

Министр Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, бұл қағидат жаңа Конституцияда да бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін хадистану мен теология саласындағы мамандарға сұраныс болғандықтан, аталған білім беру бағыттары ашылған. 

Еске салсақ, Қазақстандағы сопылық бағыттағы «зікіршілер» жамағатының жетекшісі Исматулла Мақсұмның үстінен тергеу жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз